Пойыз қаққан автобустың жолаушылары жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтып берді

photo 293196

«Осылай өле береміз бе?..». Шамалғанда халық көтеріліп кетті

Наразы жұрт бұл арадан аспалы көпірді салуды талап етті.

Пойыз қаққан автобустың жолаушылары жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

15 қыркүйекте таңғы сағат 7: 20-да Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде Алматы-Қостанай бағытындағы жүрдек пойыз жолаушылар автобусымен соқтығысты. Салдарынан автобус жүргізушісі қайтыс болды. Одан бөлек тоғыз адам зардап шеккен.

Автобустың үш жолаушысы, оның ішінде екеуі бала – түрлі дене жарақатымен Қарасай ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

Куәгерлердің бірі жүргізушінің жолаушыларды шығармай, есікті ұзақ уақыт ашпады дейді,

ал тағы бір автобус жолаушысы Қайратбек Қалдықұлов:

– Жүргізуші пойызды көргенде қатты шошып, сасқалақтап не істерін білмей қалды, көзі байланып қалды, ол бірнәрсе ойлайтын күйде болмады. Автобустың іші кісіге лық толы. Алды да кептеліс, арты да кептеліс, ешқайда баратын жері жоқ. Онда ешқандай амал болмады. Көпір керек бұл араға, қанша жыл болды. Осылай талай адам өліп жатыр мұнда. Саламыз дейді көпірді, салмайды. Ал ауыл картасында ол тұр, салынуы тиіс, бірақ көпір жоқ. Бұл арада күнде осылай кептеліс, – дейді.

Almaty.tv арнасының тілшілеріне куәгерлердің айтуы бойынша, қайтыс болған автобус жүргізушісінің кондукторы өзінің әйелі екен. Оқиға орын алмастан бұрын, ер адам әйелін автобустан қуып шыққан. Бар істеп үлгергені сол екен. Жол апатынан кейін келіншек өзін біртүрлі ұстап, айқайлап, жанындағыларын жек көретінін айтқан.

Жергілікті тұрғындар жер үсті көпірін салуды талап етуде, өйткені көлік кептелісі мен адам өліміне әкелетін апат бұл арада қалыпты жағдайға айналған. Бүгінгі оқиға тек отқа май құйғанмен бірдей болды. Өйткені сол маңдағы халық көтеріліп, шу шығарды. Олардың алдына Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев шығып, наразы жұрттың шағымын тыңдады.

«Айтқан уақыттарында кездесіп, мәселені талқылайық. Шынымды айтамын, қанша жерден «мост» деп айқайласаңдар да бұл арада «мост» болмайды. Көпір карта бойынша басқа жерде тұр», – деді әкім.

Қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтты.