Енді өгізді жұлынына пышақ сұғып сұлатқан қасапшы пайда болды (видео)

Күні кеше біз Атырау облысындағы бір ет комбинатында жылқыларды бауыздамай, маңдайдан балтамен ұрып өлтіріп жатқан қасапшы туралы ақпарат жариялаған едік. Содан кейін ол қамауға алынған болатын. Енді міне, қазақтың ақбас тұқымды өгізін қарақұстан селебе сұғып сұлатқандарды да көрдік, деп жазады sn.kz ақпарат порталы.

Соғым науқаны қарсаңында төрт түлік етін арамдап жатқандардың желіге жиі жүктелуі – жақсылықтың нышаны емес. Бұл сондайларды қатаң қадағалайтын тиісті орган өкілдерінің мейлінше қағылез болуы керек дегенді білдіреді. Мәселен, бүгін Ерболсын Батырбекұлы деген азамат facebook-тегі «ЖҰРТ НЕ ДЕМЕЙДІ?!» деп аталатын топта қазақтардың соғымға өгіз сойып жатқан сәтін жария етті. Онда біреу пышақты ірі қараның қарақұсы тұсынан тереңдете сұғып сеспей қатырады да, тыпырлауға шамасы келмей жатқан жануарды жанталаса бауыздай бастайды. Оны көріп отырған жұрттан «Осылай бауыздаған халал ма?» деп сұрады жазба авторы.

Оған 150-дей пікір жазылып, 115 адам өз парақшаларында бөліскен. Басқа да топтарда кеңінен талқыланып жатыр. Енді сол пікірлер ішінен негізгілерін үзінді етіп алсақ…

«Бұл – жұлынды бірден кесу. Исламда бірінші бауыздап, артынан жұлындау керек. Сонда әр клеткадағы арам қан толық сарқылады. Ал бұлай сою – адам денсаулығына өте қауіпті ауру тудырады», «Харам болды. Төрт аяқты жинап байласа, «Аллаһу акбар!» деп бауыздаса дұрыс болар еді», «Малға деген осындай катігездіктерді көріп, ет те жегім келмей барады», «Оңбаған! Малды қазақтар бауыздайды ғой. Пышақ тыққаны несі? Ол шошқа емес қой, харам!» десті желі қолданушылар.

Ал солардың ішінде сауда-саттықтан хабары бар оқырмандардың айтуынша, есесіне осылай сойылған мал еті базарға сатқанда біраз салмақ тартады екен.

«Сұмдық! Бірақ, қазір базарға сатылатын еттер осылай сойылады. Себебі, еттің салмағы ауыр тартады. Ал қазанға асқан кезде сорпасы ішуге жарамайды. Бәрі қан болып кетеді. Бұл түк емес қой. Ауырып, арам өлген малдарды үш күн суға салып қойып, еті ағарған соң базарға шығарып, арзанға сатады. Қазір тексеретін ешкім жоқ. Бәріне мараторий. Ветврачтан анықтамасы болса болды. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Адал малдарын әкеліп сататындар да көп қой. Ол үшін етті тани білу керек. Өз басым осындай арам еттерге көп алдандым. Сол үшін жазып отырмын», – дейді Дулатбек Смағұлов деген азамат.