Аягөзде өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу өтті

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен жоспарына сәйкес, Аягөз  гарнизонына қарасты 15701 әскери бөлімінің базасында өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

 

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты әскери бөлім аумағында өрт қауіпі туындаған жағдайда Аягөз гарнизоны әскери бөлімдерінің өрт сөндіру командалары мен Аягөз қаласы № 22 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің бірлесіп әрекет етуі, сондай-ақ шұғыл әрекет ету тобының шеберлігін арттыруға негізделген.

Жаттығу барысында арнайы әзірленген сценариге сәйкес әскери бөлімнен шартты өрт шығып, қойма қызыл жалынға оранды.  Оқу-жаттығу барысында өрт орын алған аумақта орналасқан 15701 әскери бөлімінің жеке құрамы дабыл белігісі бойынша көтеріліп, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сол жерде арнайы штаб құрылып, барлық қызметшілердің өрт кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритмі жасалды.

Өз кезегінде өрт сөндірушілер санаулы минуттарда оқиға орнына жетіп, жалынды әп-сәтте сөндірді. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Себебі бұл шынайы оқиға емес, оқу-жаттығудың сценариі болатын. Ал өрт сөндіру және құтқару тобы үшін бұл сценарий кәсібилікті тағы бір пысықтау болды.

 – Оқу-жаттығу жиынында қызметшілердің шапшаң қимылы мен арнайы техникалардың дайындығы тексерілді. Осындай тактикалық жиындар өрт сөндірушілердің тәжірибесін арттырып, тілсіз жау орын ала қалған жағдайда оны дер кезінде ауыздықтауға негіз болады, – деді 15701 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Мұрат Жанысбаев.

Жаттығуға алпысқа жуық маман мен 10-нан астам өртке қарсы арнаулы техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу барысын бақылаған басшылық құрам оң баға беріп, құрылымдардың кәсібиліктерін атап өтті.

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

 

Бүгінгі жаңалықтар
qazbrand.info

Бұл желі ресурсының ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан азаматтарға арналған.


Мекенжайы:
010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарайшық көшесі, 34.

Байланыс телефоны: +7 775 759 2992.

E-mail: qazbrand.info
888