Жауапсыз махаббаттан жалыққан Шу тұрғыны күтпеген әрекетке барды – видео

Оқиға салдарынан қыздың әріптесі зардап шекті. Ол ауруханаға жеткізілгеннен кейін, жанжал шыққан жерге полицейлер келіп, күдіктіні қамауға алды

Ұнатқан қызын алып қашпақ болған жігіт үш жылға сотталуы мүмкін. Шу қаласының 30 жастағы тұрғыны сүйіктісін күштеп қалыңдық еткісі келген. Алайда 20 жастағы бойжеткен ұсыныстан бас тартыпты. Бұған намыстанған жігіт қыздың жұмыс орнына келіп, алып қашпақ болған.

Альбина есікті іштен іліп алып, ашпай қойған. Ашуланған жігіт қолындағы пышақпен құлыпты бұза бастайды. Сән салонындағы айқайға бойжеткеннің әріптестері араласып, жігітті сабасына түсіруге тырысады. Бірақ ол дауға араша түскендердің біріне пышақ сұғып алған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Зардап шеккен жігіт ауруханаға жеткізілгеннен кейін, жанжал шыққан жерге полицейлер келіп, күдіктіні қамап тастаған. Енді жігіт үш жылын түрмеде өткізуі мүмкін.

«Қызды әріптесі қорғамақ болды. Ол кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Күдікті кінәсін мойындап, оған күзетпен бұлтартпау шарасы тағайындалды», – дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.