Аягөздегі әскери бөлімде оқушылар үшін «Ашық есік» күні өтті

dsc0109

Аягөз гарнизонындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамасында Отан қорғаушылар күніне орайластырылған Ашық есік күні өтті.

dsc0018 scaled

Қарулы күштердің мәртебесін көтеру, әскери мамандықты көпшілікке танымал ету және жас патриоттарды тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шараға қаладағы № 7 мектептің «Жас барлаушы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.

Оқушылар алдымен бақылау-өткізу бекетінің қызметімен танысты. Келушілердің құжатын тексеру, рұқсат қағазының мерзімін анықтау және байланыс құралдарын тәуліктік кезекшіге тапсыру сынды қызмет түрлерінің атқарылуын бақылап көрді.

dsc0035 scaled

Одан соң оқушылар казармадағы үй жайларда болып, жауынгерлердің күн тәртібімен танысты. Ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмелері көрсетіліп, офицерлер мен сержанттар түрлі қару түрлерімен және ұрысты жүргізуге арналған құрылғылармен таныстыру сабағын өткізді.

dsc0097 scaled

Сонымен қатар, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық бойынша алған білімдерін көрсетіп, пневматикалық қарудан оқ атып, АК-74 автоматын белгіленген нормативке сай бөлшектеп, жинап өз шеберліктерін көрсете білді.

Құрама командирі полковник Тайыр Жұматаев болашақ Отан қорғаушыларына әрдайым алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, оқуда және спортта жеңіске жетуді, салауатты өмір салтын ұстануды, өз елінің патриоты болуды тіледі.

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

 

 

 

Бүгінгі жаңалықтар