Жарыс жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

Аягөз гарнизонындағы 97616 әскери бөлімінде спорттық шараларда ұжым намысын қорғап, топ жарып жүрген әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді.

Бөлім командирі полковник Тайыр Жұматаев Щучинск қаласында өткен әскери спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады. Олардың спорттағы жетістіктері жеке құрам үшін әрдайым үлгі болатынын жеткізді.

Қарулы күштердің ХІХ Спартакиадасының қысқы кезеңіне Әуе қорғанысы күштері командасының құрамында аталған әскери бөлімнен ефрейтор Данагүл Өмірзақова, аға сержант Жанат Уатаев және аға лейтенант Давид Джаваридзе қатысып, жүлделі орындарға ие болған болатын.

Атап айтар болсақ, шаңғы тебуден Данагүл Өмірзақова ІІ орынды бағындырса, армиялық қоян-қолтық ұрысында 95 келі салмақта бақ сынаған Жанат Уатаев ІІІ орынды иеленді. Ал кір тасын көтеруден Давид Джаваридзе қола медальға қол жеткізген болатын.

Сонымен қатар, ХІХ спартакиаданың қысқы кезеңіне іріктеу мақсатында әскер тегі шеңберінде өткен сайыста жүлделі болған әскери қызметшілер де марапатқа ие болды.

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі