Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінде әскерге шақыру науқаны өтуде.
Биылғы көктемде аудан бойынша 160 жасты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына жіберу жоспарланған.
– Қазіргі таңда шақырылушылардың алғашқы командасы Шекара қызметіне іріктеліп жатыр. Наурыз айының соңына таман 30-ға жуық аягөздік бозбала мемлекеттік шекараны күзетуге аттанады, – дедйді әскерге шақыру қызметінің инспектор маманы Самал Биғабатова.
Әдеттегідей, биыл да әскерге шақырылушылардың арасында ерік-жігері мықты жастар айтарлықтай көп. Солардың бірі Бекзат Мәуленбеков Отан қорғау ер жігіттің азаматтық парызы деп есептейді.
Ол: «Әскерге шақыру туралы sms хабарлама алдым. Қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтудемін. Денсаулығыма шағымым жоқ. Болашақта десанттық-шабуылдау әскерлерінде қызмет еткім келеді» дейді.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңында аяқталады.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі