Әскери бөлімнің құрылған күні атап өтілді

41446 әскери бөлімінің құрылған күніне орай Аягөз гарнизонының мәдени-демалыс орталығында салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға қалашықтағы әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қатысты.

Салтанатты жиынды қысқаша құттықтау сөзбен ашқан бөлім командирі полковник Есет Өмірбаев жеке құрамды мерекемен құттықтап, әскери бөлімнің жарты ғасырлық жауынгерлік жолына тоқталып өтті. Әскери қызметшілердің Отан қорғау жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.

Бөлімнің штаб бастығы подполковник Максим Веразуб жеке құрамды көтермелеу туралы бұйрықты жеткізіп, бірқатар әскери қызметшілер мен азаматтық персонал алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Әскери бөлім жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Жеке құрам арасында үздік қызметімен көзге түсіп жүрген әскери қызметшілер аз емес. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, қызметтеріне қажыр-қайрат тілеймін, – деді полковник Есет Өмірбаев.

41446 әскери бөлімі Орта Азия әскери округі Құрлық әскерлері Бас штабы бастығының 1974 жылғы 26 ақпандағы № 453 Директивасы негізінде Семей облысының Аягөз қаласында құрылған. Бөлімге алғашқы жылдары аға лейтенант Г.И. Антоненко басшылық жасады. Бүгінде аталған әскери ұжымның жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді берік ұстана отырып, еліміздің тыныштығын лайықты күзетіп келеді.

          Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі