«Қазіргі таңда енем емес…»: Жұлдыз Әбдікәрімова енесі туралы бар шындықты айтты

Жұлдыз Әбдікәрімова

Көпшіліктің назарынан 10 жыл бойы таса болып, ендігі жұлдызы жанған Жұлдыз Әбдікәрімова бүгінде отбасылық өмірі жайлы жиі сөз қозғап жүр. Бұл жолы ата-енесімен 5-6 жыл бойы бірге тұрған Қайраттың жары енесінің қандай адам екенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.

Отандық эстрада жұлдызы Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз Әбдікәрімова 10 жыл бойы жұрт назарынан тасада болған еді. Ал бүгін фильмге түсіп, жұлдызы жанған Жұлдыздың танымалдығы Қайраттан кем түспейді. Оған көпшіліктің қояр сауалдары да көп. Сондықтан болар Жұлдыз отбасылық өмірі туралы жиі сөз қозғайтын болған. Бұл жолы ене институтынан қалай өткенін сөз еткен актриса кезінде күнде таңертең нан пісіргенін айтты.

«Менің енемнің, келін тәрбиелеуінде өзіндік стилі мен ұстанымы бар. Өзім ата-ене қолында 5-6 жыл тұрдым, пістім десем болады. Орамал тағып, сәлемімді салып, таңертең ерте тұрдым. Есік алдын сыпырдым демеймін, бірақ ыстық нанымды күнде таңда пісіретінмін. Ұрпақ әкеліп, ана атандым. Жалпы қандай жағдай болмасын, ата-енемнің айтқанын жерге тастамауға тырысатынмын, одан жаман болған емеспін. Қайта қателіктерімді түзедім», – дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.

Жұлдыздың айтуынша, Қайрат екеуі еншісін алып, бөлек шықса да, әлі де ата-енесімен бірге тұрып жатқандай өмір сүріп жатқан көрінеді.

«Ұзын- сөздің қысқасы, ене институтын терлеп-тепшіп, үздік бітірдім. Содан соң бізді жеке отбасы болуымызға сенімді болғандықтан болар, ата-анамыз еншімізді бөліп берді. Оның өзі біз үшін үлкен жауапкершілікке айналды. Бірақ әлі күнге дейін, бір шаңырақтың астында тұратын сияқтымыз. Көбіне дастарxан басында бірігіп тұрамыз. Қазіргі таңда енем емес, анамдай болып кеткен. Мен болашақ ене ретінде, өзіме енемнің ерекше қасиеттерін түртіп алдым: ең бастысы қатаңдықпен емес, даналықпен тәрбиелеуі; кінәлайтыны емес, үйретуі; өзгенің көзінше бағалауы; ұлын емес, келінін қорғаштауы; басқаның келінімен салыстырып, кемістпеуі; үйдегі әңгімені сыртқа шығармауы; әлі де үйреніп, түйетінім көп…», – дейді актриса.

Сондай-ақ, Жұлдыз Әбдікәрімованың пікірінше, қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болмаған.

«Ене мен келін татулығына әулеттік эстафетаны бір- біріне дұрыс ұсынуы, отбасы құндылығын сақтап қалу көп септігін тигізеді деген ойдамын. Негізінде, тариxқа жүгінсек, қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Себебі екі арадағы келіспеушіліктер жайлы шешендік сөз кездеспейді. Қазіргі қоғамда енені сыйламау, мысқылдау идеясы (анекдоттар) орыстың салтынан, европаның стилінен еніп жатыр. Меніңше сол елдердердің безбүйрек, ұятсыз, арсыз псиxологиясы себеп болуда. Бұл біздің менталитетке мүлдем кірмейді және кіргізбеу керек! Себебі парасатты, қаны қазақ ер азаматы анасына ең үлкен құрметтің көрсетілгенін қалайды. Келіндердің енесіне жасаған әрбір әрекеті – өзінің енелік өмірінің кірпіші. Жақсы келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесіне қолынан келген құрметті аямау керектігін түсінуі қажет. Әрбір келін енеге қарап ой түзеп, бойын түзейді», – деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram желісінде.

Өз кезегінде желі қолданушылары Жұлдыздың өте жақсы келін екенін айтып, тәнті болды.