«Қайырымдылық істерімен шұғылданатынын айтқан»: Назарбаеваның депутаттық өкілеттігін тоқтату туралы шешім шықты

Дариға Назарбаева

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы шығарды. Бұл жайында комиссияның ресми сайтында жарияланған құжаттан белгілі болды.

“Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді:

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Д.Н. Назарбаеваның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілсін»,-  делінген құжатта.

Айта кетсек, бұған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева Мәжілістегі өкілеттігінен бас тарту туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол қоғамдық, гуманитарлық, мәдени және қайырымдылық істерімен шұғылданатынын айтқан болатын.

Назарбаева Nur Otan партиясына дауыс берген қазақстандықтарға, партияластарына және өзіне сенім артқан ел басшылығына алғысын айтты.

Оның айтуынша, қайғылы қаңтар оқиғасы бейбітшілік пен Қазақстан халқының бірлігі болмаса, еліміз гүлденіп, одан әрі дамымайтынын көрсетті. Болған оқиғаның бәрі – біздің халқымыз үшін ауыр трагедия.

Назарбаева барша қазақстандықты «қаралы қаңтардан» сабақ алып, мұндай жағдай ешқашан қайталанбас үшін барлық күш-жігерді салуға үндеді.

Еске салсақ, Дариға Назарбаева 2022 жылдың қаңтарынан бері парламентке келмеді. Алғашында ол коронавирус инфекциясынан емделіп, кейін оңалту курсынан өтіп жатқаны хабарланды. Назарбаева жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында болған.