“Тоқтаңдар” деген сөзді тыңдамады”: Бүлік кезінде оқ тиген полицейдің әңгімесі (Видео)

полицей

Алматыда ІІМ мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қаңтардағы бүлік кезінде әкімшілік ғимараттарды қорғауға қатысқан деп жазды sputnik.kz сайты.

Соның бірі – Аслан Құнанбаев. Полицейге жаппай тәртіпсіздік кезінде екі оқ тиген, қазір ол балдақ сүйеніп жүреді. Бірінші оқтан оқсауыттың арқасында аман қалған. Екінші оқ аяғын жарақаттаған, оған екі операция жасалды.
Полицей 4-5 қаңтарда қала әкімдігі ғимаратында болған. Жағдай 5 қаңтарда түстен кейін ушыққан. Адам қарасы көбейіп, жиналғандар қала әкімдігі ғимаратына шабуыл жасаған.

“Әкімшілік ғимараттың кіреберіс жағында тұрдық. Бүлікшілердің қолында арматура, қолдан жасалған темірлер болды. Ол темірлерді қайдан жұлып алғанын білмеймін. Жан-жақтан есік-терезені сындырып кірді. Ішке кірген соң жан-жақтан ұра бастады. Бір қызметкерге 15-20 адам жабылды. Бізбен мүлде сөйлескен жоқ”, – дейді Аслан Құнанбаев.

Аслан 10 жылға жуық ішкі істер органдарындағы қызметінде бұрын-соңды өздеріне деген мұндай ашу-ызаны көрмегенін айтады.
“Тоқтаңдар” деген сөзді тыңдамады. Ашу-ызасын ішкі істер органдары қызметкерлеріне көрсетті. Арамызда әскерилер, курсанттар болды, олар да зардап шекті. Негізгі агрессия бізге бағытталды”, – дейді ол.

Әкімдік ғимаратының ішінде өрт шыққан сәтте сыртқа шығуға жол іздеген. Алайда түтін басқан ғимараттан тек терезеден секіріп аман қалу мүмкін еді. Аслан Құнанбаев терезеден секіріп шыққан, алайда оған бірден оқ атқан. Кеуде тұсына тиген оқтан үстіндегі оқсауыты қорғап қалды. Алайда тағы бір бұрылғанында екінші оқ аяғына тиіп, құлаған.

Бүгінгі жаңалықтар