Аягөзде қала мектептеріндегі жас сарбаздар сыныбы арасында әскери-спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Бұл жарыс Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толуына арналып отыр.
Жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге арналған бұл шараны аудандық білім бөлімі мен қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі ұйымдастырып отыр. Жас буынның тартысты додасына ауған соғысының ардагері, запастағы майор Рымбек Бейсеков төрешілік етті.
7 кезеңнен тұратын жарыста барлық санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар сақталғанын айта кеткен жөн. Әр командаға жеке-жеке топтық кесте жасалды. 9 оқушыдан тұратын командалық сайыстың әр жаттығуын қатысушылар жеке-жеке орындады.
Жарыстың қорытындысы бойынша №6 орта мектептің “Жебе” командасы топ жарса, № 6 орта мектептің екінші “Барыс” командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, ІІІ орынды №4 орта мектептің командасы қанағат тұтты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағаздарымен марапатталды.
– Балалардың бүгінгі сайысына кәдімгідей қуанып отырмын. Оларға төрешілік ету де мен үшін біраз қиынға түсті. Себебі, кілең жанып тұрған жігерлі жастардың әскери нормативтерді кәсіби тұрғыда жылдам орындауы бірінен бірі асып түседі. Бұл ең алдымен мұғалімдерінің еңбегі мен олардың жұмыстарының нәтижесі деп білемін. Осындай балаларымызды көріп, болашақ сенімді Отан қорғаушылары өсіп келе жатқанына еріксіз қуандым, – дейді Рымбек Бейсеков.