“Отбасы ойран болған”: Дана Нұржігіт үкіметке талап қойды

Дана Нұржігіт

Сенатор Дана Нұржігіт букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Бүгінде депутаттардың атына құмар ойынның кесірінен несиеден несиеге кірген, отбасы ойран болған, мүлігінен түгелдей айырылған азаматтарымыз бен олардың туыстарынан мұндай қызмет түрлеріне қатысты шара қабылдауды сұраған өтініштер көптеп түсіп жатыр. Дерт күннен күнге өршіп барады!”, – деді Нұржігіт сенаттың жалпы отырысында.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда тұтынушылық несиелердің көлемі 2020 жылдың өзінде 5,63 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бері осы көрсеткіш тағы 28,3 процентке өскен.
“Сондай-ақ, жасы 18-ге толған кез келген азаматқа табысына қарамастан, телефон арқылы онлайн несие беріледі. Мұндай қолжетімді несие құмар ойындардың төлемдеріне де жұмсалады. Банк алдында берешегі бар және құмар ойынның соңында жүрген 18-27 жас аралағындағы азаматтар банк алдындағы қарызына қарамастан, әскери қызметін өтеуге міндетті. Ал әскер қатарында жүргенде ол соманың, яғни, берешегінің пайызы да өсе береді”, – деп атап көрсетті Нұржігіт.
Бүгінде жастар мобильді қосымшаларда бәс тігуге әуес. Ал Қазақстанда ресми лицензия негізінде 7 казино және 30 букмекерлік компания жұмыс істейді. Олардың барлығы екі жыл бұрын 16,5 миллиард теңгенің салығын төлеген.
“Яғни, осы саладағы ақша айналымы 170 миллиард теңгені құрайды. Алайда үкімет әлеуметтік проблемаларды шешуге 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттің 50 пайызын қарастырған, бұл – үш жылда 23,4 триллион теңге. Енді, цифрларды салыстыра келе, құмар ойындардың бюджетке төлеп отырған салығына қарамастан, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп екенін түсінесіздер”, – деді Нұржігіт.
Оның айтуынша, қазіргі заңда казино және интернет-казиноның жарнамасына тыйым салынған. Бірақ букмекерлік кеңсе қызметінің жарнамасына тікелей шектеу жоқ. Сол себепті жарнамасы интернетте қаптап жүр.
Осы орайда сенатор қазақстандықтардың петициясында жазылған мәліметтерді мысалға келтірді. Оған сәйкес, елімізде құмар ойыншылардың саны 350 мың адамнан асады. Ал бір ойыншының орташа қарызы 10 миллион теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін президенттің атынан жолданған петицияға 28 мың адам қол қойған.
Санатор үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсыныс жасады.
Олар:
  • букмекерлік кеңсе қызметінің жарнамасына түбегейлі тыйым салу;

  • құмар ойындарға тәуелді адамдардың тізімін жүргізу және оларға қатысты шара қолдану;

  • ойын бизнесінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту.

Бүгінгі жаңалықтар