Шамалғандағы трагедия: қайтыс болған жүргізушінің әйелі өз шындығын айтты – видео

Шамалған бекетінде апатқа ұшыраған автобус жүргізушісінің жары күйеуінің кінәсі жоқ екенін айтып отыр. Ол сот марқұм күйеуін қайғылы оқиғаға кінәлі деп тауып, істі жабуды көздеп отыр деді.

Шамалған бекетінде апатқа ұшыраған автобус жүргізушісінің жары күйеуінің кінәлі емес екенін айтып отыр.

«Біз өттік, жасыл жанып тұрды. Диспетчер ешқандай шара қолданбады. «Қазақстан темір жолы» жұмысқа алған адамның жауапкершілігін өз мойына алсын. Мүгедек адамды қойған. Неліктен олар мүгедек адамды мұндай жауапты жұмысқа қойғанын түсіндірсін», – дейді Лейла Жарылғасова КТК телеарнасына.Оның айтуынша, ұлттық компания диспетчердің 3-ші топтағы мүгедек екенін жасырып отыр екен. Төрт баламен жесір қалған келіншектің уайымы көбейген. Үлкені биыл мектеп бітірсе, кенжесі 4 жаста. Бірер күн бұрын тергеуші марқұм күйеуіне қатысты істің жабылатынын айтқан.

«Қаншама адамның өмірін сақтап қалған кісіні айыптау – күлкілі»,- деп есептейді жүргізушінің жары.

Шамалған бекетіндегі жол апатынан соң күйеуінің туыстары оның өліміне әйелін кінәлап, келіншектен теріс айналыпты.

15 қыркүйекте Шамалған бекетінде қоғамдық көлікті пойыз соғып, 20 метрге дейін сүйреп әкеткен болатын. Үш адам жараланып, автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.

«15 қыркүйекте бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабының 2 тармағы және 344-бабының 2 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Бүгінгі күні сотқа дейінгі тергеп, тексеру амалдары жалғасуда», – деді көлiктегi полиция департаментiнiң баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова.

Sputnik