2021 жылы еліміздің батыс өңірлері қар мен жауынның тапшылығынан қатты зиян көріп, мал басы қырылғаны баршаға мәлім. Осындай қиын-қыстау уақытта қолына шалғысын алып жалғыз өзі вагон-вагондап шөп жөнелткен ерлігі мен қайсар мұқалмас мінезді Құрмет Талапқазы “Қасқа жол” бағдарламасының қонағы болды.
2021 жылдың бел ортасында әлеуметтік желілерде барша халықты бірігіп, ауыр кезеңді басынан өткеріп жатқан Маңғыстау мен Қызылорда облыстарына көмектесуге шақырған өткір тілді азаматтың сөздері тез таралып кетті. Бұл көпшілігі тіпті қуаңшылық туралы естімеген уақытта үлкен жауапкершілікті мойнына алып үлгерген Құрмет Талапқазы болатын.
Осыдан кейін елім деген азаматтардың қатары көбейіп, қолдаушылары арта бастады. Осылайша Құрмет барша Қазақстан азаматтарын бір тудың астына біріктіріп, қуаңшылықпен күресуге сүбелі еңбегін қосуға сеп болды.