"Қанды қырғынға бір ай!": Еліміз қандай өзгерістерге қол жеткізді? (Видео)

Тоқаев

Тура бір ай бұрын елімізде қаңтардағы қанды қырғын басталған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімовты қызметінен кетіріп, кейіннен оның "мемлекетке опасыздық жасау" бабымен тергеліп жатқаны мәлім болды.

Бұрынғы Үкімет басшысы өз еркімен кетсе, бірқатар министрлердің орнын жаңа шенеуніктер басты. Сұйытылған газ, бензин мен дизельдің, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы бірінші шілдеге дейін қымбаттамайды. Бұл дағдарысқа қарсы уақытша шара. Бірақ, Үкімет ел игілігі үшін биыл барлық саланы реформалауға міндетті. Үкіметтің бекіткен бағдарламасы тағы да маусымдық, тек статистикаға жұмыс істейтін шаралар болып қалмай ма? Халық күткен нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз ба?

Бір айда ең қатты байқалған дүние - кадрлардың ауысуы. Президент әуелі биліктің негізгі тізгінін ұстаған кадрларды ауыстырды. Айдың басында Үкіметті басқарған Асқар Мәмин өз еркімен кетсе, сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімов Президент өкімімен қызметінен босатылды. Кейіннен Атамекен кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур құлыбаев, QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен "ҚазТрансОйл" компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов секілді олигархтар өз еркімен қызметтен кетті. Үкімет жаңарды, тең жарты министр ауысты.

Парламент Тұңғыш Президент туралы заңнан ішкі және сыртқы саясаттағы бастамаларды Тұңғыш Президентпен ақылдасуы керек деген норманы алып тастады. Президент жылдар ұлттық компанияларды тиімсіз басқарып келген Самұрық Қазына қорын түбегейлі реформалауды тапсырды. Енді қорға бағынышты алпауыт компаниялардың біразі жекешелендіріледі. Қорға қарайтын барлық компанияның тендерлері жіті тексеріледі. Қазірдің өзінде жүзден астам штаттағы кадры қысқарды. Қазақстан халқына деп аталатын қор ашылды, оған 130 миллиард жиналды. Автомобильдерге утильалым жинап келген компания да жекенің қолынан мемлекетке өтті.

"Жасыл Даму" компаниясы енді айдың соңына дейін утильалымның қолжетімді жаңа тарифін бекітпек. Ал, автокөлігі жоқ азаматтар үшін Қазақстанда құрастырылған құны 15 миллион теңгеге дейінгі көліктер 4-пайызбен несиеге беріледі. Әлихан Смайылов басқаратын министрлер кабинеті 1 шілдеге дейін газдың бағасы батыс өңірлерде 50, өзге аймақтарда 70 теңгеден өспейтінін мәлімдеді. Бензин, дизель, әлеуметтік азық-түлік пен коммуналдық ақылардың да қымбаттауына шектеу қойылды. Саясаттанушы Талғат Қалиев Президенттің айтқан саяси реформасына Үкімет бір жылдық емес, көпжылдық бағдарлама бекітуі тиіс деді.

ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, саясаттанушы:

– Егер бастық болған соң өзін жоғары ұстау керек, ол бай болуы керек деген. Сондықтан соның арқасында коррупцияға көзіміз жұмылып кетті. Мемлекеттік аппарат, мемлекеттік қызметкерлер ауысу керек. Ол адамды ауыстыру емес. Системаны ауыстыру керек. Жұмысқа көзқарасын, бюджеттік кодексті, бюджеттік тәртіптің шарттарын өзгерту керек.

Алайда, Талғат Қалиев реформаны жасау тек үкімет пен парламенттің ғана міндеті емес дейді. Халық сергек болуы керек. Әрбір істе қоғамдық бақылау мықты болу қажет.

Яғни: әрбір азамат заңсыздыққа, жемқорлыққа жол бермей, өз құқығын сақтап атқарушы биліктен статистикалық есепті емес, нақты нәтижені талап етуі керек. Қазір Қазақстанда азаматтық қоғам оянып келе жатыр деген саясаттанушы Президенттің айтқан барлық тапсырмасы мен оның атқарылуы тікелей халыққа байланысты дейді. Айта кетейік, Үкімет алты ай бойы бағаны қымбаттатпауға шектеу қойғанымен, одан кейінгі жоспардың қандай болатынын әзірге жарияламады.

Бүгінгі жаңалықтар
qazbrand.info

Бұл желі ресурсының ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан азаматтарға арналған.


Мекенжайы:
010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарайшық көшесі, 34.

Байланыс телефоны: +7 775 759 2992.

E-mail: qazbrand.info
888