Жезөкшелер қызметін ұсынған монша басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Түнделетіп шомылуға келген азаматтар полицейлерді көрген бетте табалдырықтан тайып тұрды. Ал клиент күткендер еш сасатын емес.

Семейде тәртіп сақшылары моншада клиент күтіп жатқан жезөкшелердің үстінен түсті, деп хабарлады КТК арнасы. 

Түнделетіп шомылуға келген азаматтар полицейлерді көрген бетте табалдырықтан тайып тұрды. Ал клиент күткендер еш сасатын емес. Белгілі болғандай, моншаларда тәнін саудаға салғандар пәтер жалдап әуре болмай-ақ, жұмыс орнында тұрып жатқан екен.

Тәртіп сақшылары қаладағы 10 шақты моншаны тексерген. Нәтижесінде барлығында да түнгі көбелектер бар болып шықты. Түнделетіп тәнін саудалағандар шомылу орындарында «жұмыс істеп» қана қоймай, бір-бір бөлмеден жалдап тұрған. 20-25 жастағы монша тұрғындарына айыппұл салынып, арнайы есепке алынды. Ал моншаны жезөкшелер ордасына айналдырған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Бұл жұмыс ұдайы жүргізіліп отырады. Яғни, жеңіл жүрісті адамдарды және ішінде кәмелетке толмаған балалардың болмауын анықтау. Егер бұл адамдар алдағы уақытта да қолға түссе, жаза біршама күрделендірілетін болады», – деді Семей қалалық полиция басқармасының бөлім басшысы Елубек Оспанов.