Дикий Арман тергеу изоляторынан жоғалып кетті

Дикий Арман

Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевтің адвокаттары күдіктінің Алматыдағы тергеу изоляторынан шығарылғанын мәлімдеді. Бірақ олар жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінген ер адамды қайда және неге алып кеткенінен бейхабар деп жазды sputnik.kz сайты.

«
Адвокат Талғат Есімовтің айтуынша, құқыққорғаушылар Жұмагелдиевпен бір күн бұрын таңертең көріскен, ол жауап беруге дайындалып жатқан.
«Біз әріптестермен бірге онымен екі рет, соңғы рет бір күн бұрын таңертең кездестік. Бізбен бірге Бас прокуратура құрған ведомствоаралық жедел тергеу тобының мүшелері кірді. Жауап алу кезінде Арман Жұмагелдиев тергеу органдарына көмектесуге дайын екенін мәлімдеді», – деді Талғат Есімов.
Бірақ ақпанның 1-інен 2-сіне қараған түні құқыққорғаушылар өз қорғалушысының тергеу изоляторынан шығарылғанын білген. Адвокаттарға бұл жайлы ешкім хабар бермепті.
«Біз тергеу органдарына хабарластық – олар да ештеңе білмейді», – деп нақтылады Есімов.
Екінші адвокат Қуат Сәлиевтің сөзінше, заң бойынша адвокаттарды қорғалушының кез келген қозғалысынан хабардар етуге тиіс.
«Бірақ бізге ешкім ештеңе деген жоқ. Біздің ақпаратымыз бойынша Арман Жұмагелдиевті басқа жаққа алып кеткен, бірақ қазір оның қайда екені белгісіз», – деді Сәлиев.
Сондай-ақ олар бұған дейін Дикий Арманның суицидке қарсы екенін айтқанын атап өтті. Күдіктінің тағы бір адвокаты Виктор Кривоносовтың сөзінше, ол өз-өзіне қол салуды ешқашан ойлаған емес.
Айта кетері, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген күдікке ілінді.
Еске салсақ, 7 қаңтарда ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі, сондай-ақ Дикий Арман Алматы полиция департаментінің арнайы операциясы барысында ұсталды. Олардан маркасы мен калибрі әртүрлі төрт жартылай автомат тапанша, оқ-дәрі, суық қару мен брондалған автокөлік тәркіленді.
Бұған дейін Жұмагелдиев оны Алматыда тәртіпсіздікке қатысқандар соққыға жыққанын мәлімдеген еді. Дикий Арман арандатушыларды жау деп атап, адамдарды бүлікті тоқтатуға шақырды.