Әскерилер рота-тактикалық оқу-жаттығу барысында дағдыларын жетілдірді

dsc0024 scaled

 

Аягөз гарнизонының танк бригадасында қысқы оқу кезеңінің жауынгерлік жоспарына сәйкес шынайы ұрысқа барынша жақындатылған жағдайда роталардың арнайы тактикалық оқу-жаттығулары өтуде.

«Майлин» полигонында  жеке құраммен өтіп жатқан оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – роталардың жауынгерлік әзірлігін, олардың үйлесімділігін тексеру және әскери қызметшілердің функционалдық міндеттерін іс жүзінде орындауларына баға беру, сондай-ақ машықты іс жүзінде шыңдау болып табылады. Командирлердіӊ біліктілігі мен тәжірибесін арттыру, дұрыс шешім қабылдауды және шебер басқаруды үйрету де маңызды.

dsc0001 scaled

  • Бүгін менің взводым жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындап, жоғарғы нәтижеге қол жеткізді. Жауынгерлік машиналар және штаттық қарулармен атыс жүргізу кезінде қатарымызға жаңадан қосылған жас сарбаздар теориялық білімдерін еркін пайдаланып, ұрыстық іс-қимылдар мен командаларды дәл орындады, – деді танк бригадасы 3-ші танк батальонының взвод командирі лейтенант  Дарын Нұрмағанбетов.

Жеке құраммен арнайы жауынгерлік тапсырмаларды орындамас бұрын, алдын ала жеке әдістемелік сабақтар өткізіліп, барлық қауіпсіздік шаралары жеткізілді. Сондай-ақ, тактикалық іс-қимылдар кезінде жеке қару мен әскери техникаларды шебер әрі тиімді пайдалануға айрықша назар аударды. Осындай арнайы роталық тактикалық оқу-жаттығуы жеке құрамның теориялық білімдерінің нығайуына, жаңа қосылған жауынгерлердің тәжірибе алмасуына және жалпы роталардың қызметтік міндеттерін сапалы орындауына оң ықпал етеді.

dsc0102 scaled

  • Рота жеке құрамымен бірге  шынайы ұрыс жағдайында жаттығуға алғаш рет қатысып, жауынгерлік тапсырмаларды орындадым. Оқу-жаттығу барысында шыңдалу мен үшін мәртебе. Өзімнің Отан алдындағы борышымды өтеуге келгеніме еш өкінбеймін. Себебі, мен бұл жерде нағыз ер азаматқа қажетті іспен айналысып, елімді қорғайтын жауынгер болып шығамын, – деді қатардағы жауынгер Әбдірәлі Мұхтар.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

Бүгінгі жаңалықтар