"Мен неге ақтауым керек оны?!" Несіпбек Айтұлы елбасы туралы пікір білдірді

Несіпбек Айтұлы

Nege.kz тілшісі экс-президенті мақтап поэма жазған ақын Несіпбек Айтұлына хабарласып көрген еді.

– Қазір бәріміз «Назарбаев қайда?» деп іздеп жатырмыз ғой. Тұңғыш президент Қазақстанда ма, әлде шетелде ме? Қалай ойлайсыз?

– Мен оны иіскеп білемін бе? Оны Үкіметтен сұра. Президенттен сұра. Бір білсе, Тоқаев біледі оны. Одан басқа кім біледі. Сондай сұрақ бола ма екен?

– Кезінде экс-президентке арнап «Бәйтерек» поэмасын жазып, мақтап едіңіз...

– Мақтадық, несі бар?! Онда Елбасын мақтаған жоқпын. Ол кезде Астана жөнінде жаздым. Ал айта бер.

– Пікіріңіз өзгерген жоқ па?

– Назарбаевтың астананы көшірудегі тарихи еңбегін жоққа шығаруға болмайды. «Бәйтерек» поэмасы 2003 жылы жазылды. Одан бөлек шетелде де миллиондаған кітап жазылды. Сол кезде ол кісінің еңбегін айттық. Астананы ауыстыру мен Солтүстік Қазақстан облысындағы шекараны бекітуі тарихтан ешқашан өшпейді. Ол – үлкен еңбек. Оны біз қалай жоққа шығарамыз? Ал енді оның соңы мынадай болғанына менің қатысым қанша?

 Қазір әлеуметтік желіде экс-президентке қатты сын айтып жатыр. Бір кездері мақтаған адамыңызды ақтап алуға тырыспайсыз ба?

– Мен неге ақтауым керек оны?! Еңбегі бары – бар, астананы ауыстырғанын жоққа шығармаймын. Шекараны бекіткені, Қазақстанды халықаралық аренада әйгілегені айтылды. Одан кейін Қазақстанды боққа батырып, мына дүниенің быт-шытын шығарса, мен оны неге ақтауым керек?

– Сіз сонда Назарбаевты айыптап отырсыз ба?

– Мен емес, бүкіл әлем солай айтып жатыр ғой. «Қазақстанның бүкіл байлығын бір отбасы қалтасына салып алды» деп жатыр. Оны мен айтып отырған жоқпын ғой.

– «Бәйтерек» поэмасын жазған кезде мұны білмедіңіз бе?

– Ей, айналайын, сен қыртпа, «Бәйтерек» қайда?! Одан кейін 20 жыл өтті. Давай, басымды ауыртпа! Жиырма жылда дүние өзгермей ме? Адам бір-ақ күнде өзгеріп жатыр.

– Жалпы жағымпаздық дегенге қалай қарайсыз?

– Мен жағымпазданған жоқпын. Дер кезінде... Тәуелсіздікті жырладым мен!

– Кезінде мақтап поэма жазғаныңызға қазір өкінесіз бе?

– Қазір өкінемін…

P.S. Міне, біз сұрау салған қайраткер мен ақынның пікірі осындай болды. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты бір кездері жер-көкке сыйғызбай мақтағандар мен оған арнап поэма жазғандардың қарасы көп. Алдағы уақытта олардың да ойын білуге тырысамыз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Бүгінгі жаңалықтар
qazbrand.info

Бұл желі ресурсының ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан азаматтарға арналған.


Мекенжайы:
010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарайшық көшесі, 34.

Байланыс телефоны: +7 775 759 2992.

E-mail: qazbrand.info
888