«Сіз кімсіз, «Дикий Арман»?» Спорт әлемінен қылмыс әлеміне дейін (Видео)

Дикий Арман

Соңғы жылдары халық арасында “Дикий Арман” лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев туралы Экспресс К тілшісі ақпарат дайындады.

37 жастағы Арман Жұмагелдиев Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала кезден бокспен айналысып, көптеген халықаралық және республикалық турнирларда жеңіске жетті. Алайда спорттағы жеңістерінен кейін, өз өмірін мүлдем басқа саламен байланыстырып, БАҚ беттеріне чемпион ретінде емес, қылмыстарға күдікті ретінде шыға бастады.

Спортшы Арман қалай «Дикий Арман» болды?

2005 жылы Шымкент қаласында Арман Жұмагелдиев бұзақылық дерегі бойынша сотталып жатқанда, оның анасы Роза Жұмагелдиева баласының спортқа құштарлығы туралы айтып, рингте төбелеске құмартқаны үшін «Дикий» атанғанын айтқан болатын. Осылайша 21 жасында алған лақап аты, оның өмірін күрт өзгертті.

Жолы болғыш «Дикий»

2003 жылы он баламен екі балаға жабылып, мылтық атылып, бір адам ішіне оқ тиіп, ауруханаға жеткізілген. Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, іс сотқа жетпей қалады.

БАҚ бетіне алғаш рет 2005 жылы 21 жасында ұйымдасқан қылмыстық топпен бірге бірнеше қылмыстарға күдікті ретінде шықты. Ол Шымкенттегі «Турист» қонақ үйінде «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының конференциясына бірнеше жігіттермен басып кіріп, бәрін қирата бастайды. Ақсақалдар үстел астына тығылып, «Дикий Арман» оппозиция көшбасшысы Жармахан Тұяқбаевты ұрғысы келген. Оққағар Тұяқбайды қорғап, кейін Арман ұсталып, сотты болады. Шымкент қалалық соты айпталушыға шартты жаза тағайындайды.

2008 жылдың жазында «Дикий Арманның» тағы да қылмыспен аты шықты. Шымкенттегі Сайрам ықшамауданында ағайынды Әскер мен Қайсар Ерубаевтарды атып кетеді. Бұл «Дикий Арманның» адамдары саналатын Стальмаков пен Черныйдың өлімі үшін кек алу болған. Осы оқиғадан бірнеше ай бұрын, Арман Жұмагелдиев спорт залына бара жатқан кезде оларға қарсы оқ атылып, Стальмаков пен Черный қаза тауып, Арманның аяғы жараланады. Сосын «Дикий» Қырғызстанға қашып кеткен.

Кейін әлгі екеудің өліміне кінәлі екі ағайынды атып өлтіріледі. Бұл қылмыс бойынша күдікті ұсталған. Бірақ ол ағайындыларды тек кек алу үшін өлтіргенін айтып, «Дикий Арман» туралы тіс жармаған. Арманға іздеу жарияланғанымен, оны ұзақ бойына ұстай алмайды. Тек арада бірнеше айлар өткеннен кейін ғана, ол Алматыда ұсталып, тінту кезінде бірнеше оқ-дәрі мен есірткі табылады.

Арманға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалса да, ол түрмеде не аз уақыт отырады, не шартты жазамен құтылып кетеді. Қазақстанның құқық қорғау органдары оған іздеу жарияланғанын айтса да, ол елге емін-еркін келіп-кетіп жүрді.

Әншілер ол үшін ән салады…

Оның атағы күн санап өсіп жатты. Мәселен ол қолын қысып суретке түсіп, жастар арасында «Қасқыр немесе қар барысы» деп аталатын флешмоб жариялады. Оның суреттерін көптеген қазақстандық әншілер, тіпті қылмыс әлемінің серкелері де әлеуметтік желіде салып жүрді. Мәселен, «вор в законе» аталып кеткен Нәдір Салифовпен бірге суретке түседі. Айтпақшы екеуі түрмеде танысқан деген сыбыс бар. Нәдір Ресейге келетін жеміс-жидек пен есірткіні бақылап отырған. Ол 2020 жылы қаза тапты. Бірақ Арман оның адамдарымен достық қатынаста болып, тіпті соның орнына отырғысы келген.

Эстрада әншісі Роза Әлқожа мен термеші Наркенже Серікбаева Стамбұлда теңіздің ортасында «Дикий Арман» үшін ән салды. Youtube желісіндегі бейнежазбадан, «Дикий Арманның» екі әншіге ақша беріп жатқанын көруге болады. Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да Арман Жұмагелдиевпен жиі дастархандас болды. Қайрат Нұртас, Нұрдәулет Шертім де Арманмен дос болған.

Қылмыскерден батырға дейінгі жол

2020 жылы мыңдаған қазақстандық қаржы пирамидаларына алданып қалған кезде Арман ломбардтың иесін тауып, халық батырына айналды. Коронавирустық пандемия кезінде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдарды Түркиядан Қазақстанға жіберіп, тағы да «ұпай» жинады. Сондай-ақ Қазақстанды масқаралаған Боратты тауып алып, сазайын тарттыруға уәде берді.

2021 жылы да Қазақстан туралы бірнеше бейнежазбалар түсіріп, жиі үндеу жариялап жүрді. Тіпті Белград қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшыларға жанкүйер болып, ұтылып қалған боксшыларға ақша таратқан болатын.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Арман Жұмағелдиевтің ұсталғаны туралы бейнежазба таратып, кейін бұл тексеру амалы болғанын айтып, оны босатып жіберді.

Осы жолы да жазадан құтыла ма?

Осы айдың басында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Арман Алматыға жетіп, бірнеше минуттардан кейін Республика алаңына келетінін айтқан. Алаңда боқтық сөздер айтып, жастарға үндеу тастады. Тіпті біреулермен сөзге келіп қалған. Кейін ІІМ оның ұсталғанын хабарлады.

«Алматы қаласында ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі мен басшысы ұсталды. Басшысы — «Дикий Арман» лақап атымен танымал Жұмагелдиев. Олар қонақ үйлердің бірінде ұсталып, полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетпек болды. Ұсталғандардан төрт жартылай автоматты тапанша, әртүрлі маркадағы және калибрдағы оқ-дәрілер мен суық қару, оқ өткізбейтін көлік тәркіленді», — деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Дикий Арман қазір тергеу қапасында отыр. Болашағынан зор үміт күттіретін спортшыдан қылмыс әлемінің серкесіне айналған Арман осы жолы да жазадан құтылып кетпесе, қылмысы үшін жауап беруі тиіс.