«Ол «апам» солай жасайды деп ойламаппын» Тұрсынбаеваның Түркиядағы тренингіне қатысқандар шу шығарды

айнұр тұрсынбаева

Бүгінгі таңда Түркияда тұратын айтыскер ақын, мотиватор Айнұр Тұрсынбаеваның «Теңіздегі тренинг» курсына қатысқан қазақстандық қыз-келіншектер әлеуметтік желіде ақынға алданғандарып айтып, өкініштеріп жеткізді. Олардың хаттарын елімізге белгілі дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаева Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Келіншектердің жазуынша, оларды әуежайға келгеннен бастап алдап, қалталарынан ақша қақпақ болған.

«Түркияға барып демалғымыз келді, агенттіктерді іздеп отырғанымда Айнұр Тұрсынбаеваның «Теңіздегі тренинг» дегенін оқып қалдым, әрі тренинг, әрі демалып қыдырып қайтатын болдық деп баламыз екеуміз ұрындық. Тренинг құнына жол ақысы кірмейді, 7 күнге 350 мың төледім. Желідегі парақшасында «тренингте жалпы саны 40-адам болады, қатысушыларды менеджерлер әуежайдан күтіп алады» деді. Алдаудың басы әуежайдан басталды ғой. Шымкент қаласынан барған алты адам бір трансфер жалдап қойдық. «Алты адамға $150 төлейсіздер» деген, түскен соң бізді күтіп тұрған түрік жігітке баруымыз керек болған, ол телефонынан бізді іздеп таппай «жоқсыздар сіздер» деді. Әуежайда 20 минуттай тұрдық та, болмаған соң өзіміз такси іздеп таптық. Сенесіз бе,  алты адамды қонақүйге дейін $150 емес, $35 апарды. Ұзын сөздің қысқасы демалып та, қыдырып та оңбадық. Шұбырған 65 адам бір-бірімізді күтумен, көшеде шұбырып такси тоқтатумен күніміз өтті ғой. Бурса қаласындағы фабрикаларды аралаймыз деп сол қаладағы бір сасық аяқ киім сататын жерге апарып, 65 адамды иіріп бір күнімізді өткізді», – деді шымкенттік тұрғын.

Тренингке қатысушылардың сөзінше, араларында әрең жүрген қарт кісілер де болған көрінеді. Мотивациялық тренинг қатысушылардың ешқайсысының көңілдерінен шықпаған.

"Ол «апам» солай жасайды деп ойламаппын" Тұрсынбаеваның Түркиядағы тренингіне қатысқандар шу шығарды

«Ең соңы Айнұрдың өзімен яхтаға баратын болып, шұбырып таксиге бөлініп міндік. Тіл білмейтін бізді таксилері алдап, әр жерден түсіріп кетті. Осылайша бір-бірімізді іздеп жүріп, таңертеңнен Ақтабан шұбырындылар кешке бірақ жиналдық. Зорға жүрген кемпірлер де бар арамызда. Соңында «апамыз» өз кемшілігін сезді ме, бес-алты адамға алтын беріп алдап қойды. Жалпы саны 65 адамға түрік тілін біледі деп төрт тілмаш жалдаған, бірақ олар да тіл білмейді. Біреуімен сөйлессем оларды да біздің алдымызда «ақша төлейміз» деп Қазақстаннан шақыртып алған екен. Ойда қырда 65 адамды игере алмай әбден ләйлітті. Барғандардың ешқайсысы разы болған жоқ, көбісі күңкілдеп қайтты», – деп жазды хат иесі.

Қатысушылар соңғы жылдары орамал тағып, аузынан Алласын тастамайтын ақынның сөзіне еріп кеттік деп отыр.

«Басқа-басқа ол «апам» солай жасайды деп ойламаппын. «Бір Алла» деп сөйлегенге сеніп қалдым. Алаяқтарға кеткен ақшама ішім удай ашып, жыладым. Олар туралы Хавва деген Ыстанбұлдағы қыздың инстасына коммент жазып едім, шабармандары шығып, «адвокатымыз сізді іздеп жатыр» деді. Хавва деген қыздың туризмге заңды турлары бар екен. Айнұр енді сол қызды сағалап жүр, өте қу екен. Жұрттар жамандаса «біреудің өмірі ғой, біреу туралы айтпа» деп қорғайтын едім. Енді жүрген жерімде «мүмкін болса алданбаңыздар» деп айтып жүремін. Алла есіркесін, одан басқа айтар сөзім жоқ», – деп жазды Бота есімді тренинг қатысушысы.

Еске салсақ, Айнұр Тұрсынбаева жуырда ғана Қазақстандағы бүлікте алаңға барамын деп қамауға алынған қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің досы Нұржан Иманалиевке үшінші рет тұрмысқа шыққан.

Желідегі дереккөздердің мәліметінше, Нұржан «Нойс» (noise – ағылшынша «шу») деген лақап атпен қылмыс әлемінде кеңінен танымал. Сондай-ақ, ақын ресейлік «NL» желілік маркетингімен айналысатын компанияның Қазақстандағы көшбасшыларының бірі.