Танымал әнші Наzima (Назима Жәнібекова) Алматыдағы әуежайға шабуыл жасалған ұшақтың бірінде отырғанын жазды Instagram парақшасында.
Назиманың концерті 5 қаңтарға жоспарланған болатын. Бірақ қалада тәртіпсіздіктер басталып кеткеннен кейін мәдени шараны өткізбеуге шешім қабылданды. Сол кезде ол Мәскеуге билет іздеуге кірісті.
“Билет таптым да, әуежайға 4 сағат бұрын бардым. Әуежайға келсем, ішкі рейстерді тоқтатыпты. Ал халықаралық рейстерге отырғызу жүріп жатқан. Мен гейтке жүгіріп жеттім. Терезеден қарақшылардың жақындап келе жатқаны көрініп тұрды. Соңғы жолаушы ұшаққа кіргеннен кейін есікті жауып тастады. Одан кейін ұшақ траптан былай қарай шықты. Бірақ ұшқан жоқ”, – деп жазды Наzima өзінің Instagram парақшасында.
Ұшақ әуеге көтерілген жоқ. Пилот бүлікшілердің дичспетчерлік бөлімді басып алғанын жариялады. Әуежаймен байланыс үзілді. Ұшуға мүмкіндік болмады.
“Сонда 15-ақ минут өткен. Артынан қарақшылар дичспетчерлік бөлімнің быт-шытын шығарғанын естідік. Пилот іште адамның отырғаны көрінбесін деп, иллюминатордың пердесін жабуға бұйырды. Интернет те болған жоқ. Ешкіммен байланыса алмадық. Айналада не болып жатқанын білмедік. Ұшақты жарып жібере ме деп қорықтық. Себебі астында көліктер жүрді. Бір нәрсе іздегендей болды”, – дейді Жәнібекова.
Жолауышылар ұшақта, шамамен, 15 сағат отырды. Әуежайды босатқаннан кейін барлық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал Назима ертеңінде Шымкент қаласына кетті.
“Әуежайда болған оқиға есімнен кетпейді. Гейтте тұрған стюардесса маған “Жүгір! Олар жақындап қалды! Бізде эвакуация басталды, қазір үлгермей қаласың!” деп айқайлады. Дауысы мен көзі әлі есімде. Ол қатты қорқып тұрған. Мен болсам, ұшаққа қарай жүгіріп, ішімнен “Құдайым-ау, бізге ұшып кетуге мүмкіндік берші” деп ойладым”, – дейді Назима.