«Батыс Европа-Батыс Қытай» тас жолының 54 шақырымында көлік апатынан 1965 жылғы әйел адам мерт болды. Қаза болған адам — көлік жүргізушісінің анасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 24 қараша күні түнгі сағат 20:00 шамасында болған. Алматыға қарай бағыт алған «Mazda Familia» көлігі жол жиегіндегі темір жақтаушаларға соғылып, оқиға орнында бір адам мерт болды. Қайтыс болған 1965 жылғы әйел адам — жүргізушінің анасы. Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, машина салонында алты адам болған. Оның екеуі — бала. Қазір 1995 жылғы көлік жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ал қалған төрт адамның жағдайы жақсы.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл іспен Алматы облыстық Полиция Департаментінің анықтаушылары айналысуда. Қажетті сараптамалар тағайындалған» деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.