Мамандандырылған сарбаздармен толықты

Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінің қатары Отар гарнизонында 6 ай арнайы даярлықтан өткен 90-нан астам мамандандырылған мерзімді қызметтегі сарбазбен толықты.

 

«Оңтүстік» әскерлерінің қолбасшылығына қарасты Отар гарнизонындағы кіші мамандарды даярлау оқу-жаттығу орталығынан алты ай көлемінде арнайы әскери ұрыс машиналарының нысанашы мамандығы бойынша білім алып, кәсіби дайындықтан өткен сарбаздар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонының танк әскери бөліміне жеткізілді.

 

Арнайы дайындықтан өткен сарбаздар бөлім командирінің бұйрығымен жауынгерлік ұрыс машиналарындағы лауазымдарына тағайындалып, үй жайларға орналастырылды. Сарбаздарды жылы қарсалған бөлім басшылығы әкімшілік аумақпен және әскери техникалар мұражайымен таныстырды. Сарбаздардың қатарында танк, жаяу әскер машинасы, жеңіл брондалған көпмақсатты транспортер-тартқыш нысанашылары да бар.

Қазіргі таңда сарбаздар жаңа әскери бөлімге бейімделу кезеңінен өтуде, сонымен қатар бөлімнің тәрбиеші офицерлерімен психологтары танып-білу жұмыстарын жүргізуде.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі