«Әлем жауынгері» сайысының жүлдегері оқушылармен кездесті


Аягөз қаласының № 6 орта мектебі жас сарбаз сыныбының оқушылары Армения мемлекетінде өткен «Әлем жауынгері» сайысының жүлдегері, танк әскери бөлімінің аға сержанты Дархан Асланмен кездесті.

          Патриоттық тәрбие мен болашақ сарбаздарға әскери салада қарапайым қызметпен де үлкен белестерді бағындыруға болатындығы жайлы мақсаттағы ұйымдастырылған бұл кездесу оқушылардың көңілінен шықты. Себебі, әскери қызметтегі жетістіктерімен және «Әлем жауынгері» армиялық ойындарында Отанының намысын қорғаудағы көрсеткен кәсіби шеберлігімен бүгінде ел аузында жүрген майталманды өз көздерімен көріп сұхбаттасу оқушыларға ерекше әсер берді.

          Кездесу барысында әскер тарланы өзінің әскери қызметке қалай келгендігі туралы, қызметі мен тартысты сайыс жайлы ойымен бөлісті. Сонымен қатар оқушыларға сайыста өзіңнің ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің абыройын басқада мемлекеттердің алдында қорғау өте жауапты іс екендігін және басынан өткен қиындықтар мен қызықты сәттерін де әңгімелеп берді.

          Айта кетейік, аға сержант Дархан Аслан Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінде 2015 жылдан бастап абыройлы қызмет атқаруда. Өзінің аздаған еңбек жолында біршама биік белестерді бағындырған ол, әріптестері мен басшылық арасында да үлкен құрметке ие.

          Сонымен қатар, жас сарбаздардың назарына аға сержант Дархан Асланның әлемдік аренадағы сайыста көрсеткен жетістіктерінің видеосы және Қарулы Күштер басшыларымен сонымен қатар басқада шет мемлекеттердің басшылығымен марапатталған медальдары, мақтау қағаздары көрсетілді.


– Бүгінгі оқушылармен кездесу мен үшін өте үлкен құрмет. Неге десеңіз жас сарбаздардың маған қойған сұрақтары астарынан келешекте олардың Отан қорғауға, әскери саланы игеруге деген ынталары байқалады, сол көңілімді қуантты, – деді «Әлем жауынгері» армиялық ойындарының жүлдегері аға сержант Дархан Аслан.

Аталмыш ерлік сабағы барысында жасөспірімдер Дархан Асланұлына әлемдік дәрежедегі сайыстарда алған әсері жайлы қызықтыратын сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алды. Шара соңында жас сарбаздар сыныбы жетекшісі ҚР ҚК запастағы майоры Рымбек Бейсеков келген қонаққа алғысын білдірді.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі