Шымыр велосипедші

Әскери-патриоттық тәрбие беру және жаппай спортты дамыту жастар мен салауатты өмір салтын ұстанудағы басты қадамдардың бірі. Осы бағытта Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінде отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі әскерилердің балалары арасында «Шымыр велосипедші» сайысын ұйымдастырды.

Аталмыш сайыстың мақсаты – әскери қызметшілердің балалары арасында спорт және дене тәрбиесін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Жарыс барысында балалар керемет физикалық қасиеттерді, спорттық рухты және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге деген ұмтылысты көрсете білді.

– Балалардың жарқын және әдемі болашағы оларға қамқорлық жасаудан басталады. Осындай спорттық жарыстар командалық рух пен жеңіске деген талпынысты тәрбиелеуге мүмкіндік беріп, салауатты өмір салты мен отбасылық құндылықтарды насихаттауға ықпал етеді. Әскери қызметшілердің балалары ата-аналарынан қалыс қалмай спорттық шараларға белсене қатысып, белестерді бағындырып жүргендері қуантады. Біз жас спортшыларымызды мақтан тұтамыз, – деді әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Өтешева.

 

Іс-шараға қатысқан барлық спортшы балалар мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

 Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі