«Көре алмаушылық себеп болады»: Қазақстандық мамандар желідегі арандатушылықпен күресудің жолдарын айтты

kөre almaushylyқ sebep bolady Қazaқstandyқ mamandar zhelidegi arandatushylyқpen kүresudiң zholdaryn ajtty e4f34a1

Соңғы кездері қазақстандық әлеуметтік желі қолданушыларының арасында өзгенің басына тіл тигізу, намысына тию сынды жағдайлар кең етек алған. Десек те интернетте басқаларына дөрекілік танытуға байланысты жауапкершілік қарастырылғанын біреу білсе, екіншісі естімеген. Жалпы, желі қолданушыларының мұндай қадамға баруының себебі неде? Басқаларына ауыр сөз айтып, көңіліне тиетіндермен қалай күресуге болады? Бұл туралы Stan.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.

"Көре алмаушылық себеп болады": Қазақстандық мамандар желідегі арандатушылықпен күресудің жолдарын айтты

Қазақстанның интернет кеңістігінде өзгені қорлау, арандату сынды жағдайлар жиі орын алады. Бұл мәселе тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын тыс қалмады. Ол 2020 жылғы қыркүйектегі халыққа жол­дауында "бүкіл әлем сияқты, Қазақстан да интернеттегі қорлау мәселесі бойынша азаматтардың қорғансыздығына тап болды. Әсіресе, балаларды кибербуллингтен қор­ғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді" деген болатын. 

Сарапшылардың айтуынша, еліміздегі әрбір бесінші оқушы интернетте осындай жағдайға болады. Өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады. Ал 306 кәмелетке толмаған бала өз өмірін қиюға тырысқан.

Соңғы уақытта қазақстандық желі қолданушыларының өткір сынына Токиодағы Олимпиадада жүлде ала алмаған спортшылар да ұшырағанын атап өткен жөн. 

Сонымен, желі қолданушылары неліктен бір-біріне ауыр сөз айтуға құмар?

Психолог Мөлдір Мақсат әлеуметтік желілерде адамдар өздерін агрессивті көрсетуінің негізгі себептерін айтып берді. 

“Біріншіден, өз негатив пікіріңді ауызша айтқаннан гөрі, жазбаша жеткізген жеңілірек. Ерте ғасырлардың өзінде адамды кемсіту, мұқалту мақсатында анонимді хаттар жазылып отырған. Ал қазіргі кезде бұл анонимді хаттарды әлеуметтік желі алмастырып отыр. Сондықтан адамдар ішіндегі сыртқа көрсете алмаған агрессияларын жасырып, жазбаша көрсетеді. Бетпе-бет келсе мүлдем басқа адамға айналып кетеді.

Екіншіден, өзге адамның жетістігін көре алмау. Өзі сол адам секілді бола алмағандықтан, оны да жетістікке лайықты емес деп санау. Жалпы тілмен айтар болсақ, қызғаныш пен көре алмаушылық.

Үшіншіден, біз агрессор деп танып отырған адам жай ғана көңіл көтеру үшін баруы мүмкін. Сырт көзге қорлық пен агрессия болып көрінгенмен, оны жасап отырған адамға бар керегі – көңіл көтеру. Ол адам үшін бұл жағдай қалыпты саналады. 

Төртіншіден, агрессия танытып отырған адамның , психикалық ауытқуы болады. Дегенмен ол адам медициналық тіркеуде тұрмауы және өзін аурумын деп ойламауы мүмкін. 

Бесіншіден, садистер деген топ бар. Олар өзге адамды қайғыға батырудан ләззат алады. Басқа адамның қиналуы үшін барын салып, оны көргенде жандары рахат табады.  Садисттердің психикалық ауытқуы бар адамдардан айырмашылығы да осында. Психикалық ауытқуы бар адамдар садистер секілді жапа шеккен адамының қайғысын сезбейді”, – дейді маман.

Онымен қалай күресуге болады?

Психологтың айтуынша, бұндай жағдайды жеңуге адамдардың ішкі беріктігі әсер етеді. Кей адамдар нықтап тұрып өзін қорғап алса, кей адамдардың жаны нәзік болғандықтан қорлықты көтере алмайды, дейді ол. 

“Менің тәжірибемде жанұялық қатынастарда бұндай мәселелер туындады. Мәселен, туысқандар арасында қорлау, кемсіту ниетінде Instagram желісінде суреттерін  жариялаған жағдайлар болды. Келінін кемсіту мақсатында қайын апасы Instagram парақшасына жазба салып отырған. Бұл әрине, келінге оңай болған жоқ. Іштей өзін жеп қойған. Алайда психологиялық көмек көрсетілді. Бәрі оңынан шешілді”, – дейді психолог. 

Ауруын жасырған – ажалсыз өледі деген ол барлық жағдайды іште сол күйі қалдырмай, сыртқа шығару керектігін жеткізді.

“Жағдайды неғұрлым ертерек айтса, соғұрлым көмектің тиімділігі артады. Көп жағдайда адамдар қайғысын өзге біреуге айтуға қымсынады. Әбден шегіне жеткенде тым кеш болады. Кез келген жағдайдың алдын алуға болады. БАҚ құралдарында, баспа беттерінде, қаладағы жарнама баннерлеріне кибербуллинг туралы ақпарттарды беріп отыру керек. Анық, нақты, және түсінікті тілмен. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға арнайы ақпараттар берілуі керек”, – дейді психолог.

Адвокат Джохар Өтебеков бұл мәселеге қатысты жауапкершілікті күшейтудің қажеті жоқ екенін айтады. 

“Оқушыларға қатысты кибербуллингке қарсы әрекетке келетін болсақ, құқықтық реттеуді қажет етуі мүмкін. Бірінші кезекте, мен жауапкершілікке тарту жағын емес, мектеп мұғалімдері мен психологтарын осы жағдайға қарсы тұруға үйретіп, кибербуллингке  ұшыраған оқушыларды дұрыс қолдауды қамтамасыз ету керек дер едім.

Интернеттегі қорлау үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет деп санамаймын. Егер қосымша жауапкершілік қарастырылатын болса, сөз бостандығы мен ой бостандығына қол сұғылады. Мұндайды халықаралық тәжірибеден де кездестірмедім. Сондықтан мен бұл оймен келіспеймін. Мұндай мәселелер көбіне ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында моральдық зиянды өтеу туралы талап қою арқылы азаматтық-құқықтық тәртіппен шешілуге тиіс”, – дейді ол. 

Құқық қорғаушы Джохар Өтебеков бұндай жағдайға өзінің де тап болғанын жасырмады.

“Өзімде де интернетте осыған ұқсас жағдайға ұшыраған кезім болды. Әлеуметтік желілердегі өз парақшаларымда бұл мәселені пікірлерді өшіру, профильдерге және пікір жазуға қолжетімділікті шектеу арқылы шешемін. Көптеген әлеуметтік желілерде сізге жазған қудалау сөзге шағым деген арнайы бет бар. Сол жерде достарыңыз бен туысқандарыңыздан көптеп шағым түсуі керек. 

Ең алдымен, қудалауға ұшыраған адамға жақындарының, әріптестерінің және психологтардың қолдауы маңызды. Сондай-ақ, адвокаттармен ар-намысты қорғау және моральдық зиянды өтеу, кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін сотқа жүгіну бойынша ақылдасу керек. Әдетте, адвокаттың көмегімен интернеттегі қорлау, қудалау істері сотқа жетпей шешіледі. Ақырында хейтерлер жазған посттары мен пікірлерін өшіріп, өзінің заңсыз әрекетін тоқтатады”,- дейді адвокат. 

Әріптесінің пікірімен адвокат Қолғанат Қабанбаева да келісіп отыр.

Оның айтуынша, интернеттегі кемсітушілікке қатысты 131 баптың 2 тармағында (“Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған іс-әрекет”) тиісті жауапкершілік қарастырылған. Бұл жауапкершілікті өзгертудің қажеті жоқ. 

“Менің ойымша, бұл жерде көрсетілген жазалау шарасы жеткілікті. Жазаны қатаңдату міндетті емес. Біз адами құндылықтарды жоғары қоятын мемлекет болуымыз керек. Ең басты жаза – оқшаулау емес, оның өз қатесін түсінуі. Істегеніне өкініп, дұрыс жолға түсуі. Жауапкершілікті қатаңдату арқылы біз адамдарды тәрбиелей алмаймыз”, – дейді ол. 

Айта кетсек, 131 баптың 2 тармағы бойынша екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалады. 

Еліміздің заңнамасында кибербуллинг термині қарастырылмаған

Халықаралық заңгер Дана Мұхамеджанованың айтуынша, еліміздің заңнамасында кибербуллинг термині қарастырылмаған. Құқықбұзушылық пен залалдың нұқсанына байланысты әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілік көзделген.

“Халықаралық тәжірибеге қарайтын болсақ, кейбір мемлекеттерде киберқорлықтың құрбандары интернеттегі қауіпсіздігін арнаулы органдарға немесе әлеуметтік желілердің басшылығына жүгіну арқылы сақтайды. Адамның намысына тиетін ақпарат жіберген аккаунт иесі уақытша немесе біржолата бұғатталады. Көптеген мемлекетте кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік желідегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біраз заңдар қабылданған. Соның бірі – 2000 жылғы Children's Online Privacy Protection Act заңы. Аталған құжаттың аясында виртуалды әлемде балаларды теріс пікірден, зорлықтан, әлімжеттіктен қорғайтын ережелер қарастырылған. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай бөлек құжат жоқ", – дейді халықаралық заңгер.

Заңгердің айтуынша, кибербуллингке тап болған адам, ең алдымен,  аккаунтын үшінші тұлға кіре алмайтындай жабуы керек. Сондай-ақ әлеуметтік желі әкімшілігіне балағаттау және қорлау мақсатында жазылған пікірлердің скриншоттарын жіберіп, фактіні растау керек. Бұл әрекеттер тиімсіз болған жағдайда, құқық қорғау органдарына немесе компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметіне kz-cert.kz өтініш жазу немесе "жедел желіге" 1400 хабарласу қажет.

Источник stan.kz

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends: