Токио Олимпиадасында Ресейге байланысты санкция Қазақстанға әсер еткені рас па: Сарапшылар жауап берді

tokio olimpiadasynda resejge bajlanysty sankcija Қazaқstanғa әser etkeni ras pa sarapshylar zhauap berdi 1d2a60a

“Биылғы Олимпиада ойындарының нәтижесі қазақ спортының дағдарысын көрсетеді” – дейді Ермахан Ибраимов. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы бұл сәтсіздік ерте ме, кеш пе келетін еді деген ойды алға тартады. Былғары қолғап шебері олимпиадашылардың бабы келіспеуіне пандемия тікелей әсер еткенін қадап айтты. Ал спорт комментаторы, журналист Есей Жеңісұлы бұл көрсеткіш өз деңгейміз екенін, оған бола қымсынудың қажеті жоқ дейді. Токио Олимпиадасында спортшыларымызға қысым болды ма? Споршыларымыздың жолын төрешілер неге кесе берді? Бұған Ресейге жарияланған санкцияның қандай да бір әсер бар ма? Stan.kz тілшісі сарапшылар пікірін тыңдады. 

Токио Олимпиадасында Ресейге байланысты санкция Қазақстанға әсер еткені рас па: Сарапшылар жауап берді

“Биылғы Олимпиада ойындарын қазақ спортының дағдарысы деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін Қазақстан өзінің алтын медальдарымен жанкүйерлерін қуантып келді. Енді осы Олимпиада да алтын болмаған соң, елдің бәрі қатты алаңдап, қобалжып кетті. Жанкүйерлерге айтарым: мұндай жеңілістер болып тұрады. Бүкіл ел тарихында да мұндай жағдайлар бар. Ресейде де, Еуропа елдерінде де мұндай сәтсіздік толқыны есіп тұрды. Біздің елімізде де ерте ме, кеш пе бұндай дағдарыс болатын еді. Халық бұған кім кінәлі, кімді жазалаймыз деп іздеп, біреуге барлық кінәні артқанды жақсы көреді. Бұған ешкім кінәлі емес, боксшыларда да, жаттықтырушыларда да кінә жоқ”, – дейді Ермахан Ибраимов.

Олимпиада ойындарының чемпионы мұндай көрсеткішке пандемияның тікелей әсері барын жасырмайды. Қазақтан карантин, індет деп отырғанда, басқа елдер өз дайындығын тоқтатпады деп күйінеді. 

“Шынына келгенде, Олимпиадада оң нәтиже көрсетпеуіміздің себебі – осы пандемия деп айта аламын.  Сәкен Бибосыновтың қолынан финалдық бәсекені жұлып алғандай болды. Қазақта айтады ғой: “бап шаба ма, әлде бақ шаба ма” деп. Бағы шаппай тұр. Ол үшін қола медаль алу – ойындарында үлкен жетістік. Бірақ ол соған қанағаттанбайды, неге десеңіз, алтын алу керек еді деп дәмеленеді.

Төрешілер әділетсіздік жасады дегеннен гөрі бұлай жасауға себеп қалдырмауы керек еді. Финалда ресейлік боксшылар қазыларға әділетсіздік жасауға ешқандай да себеп берген жоқ. Ал Сәкен басым айқындықпен жеңудің орнына, төрешінің әділетсіздік жасауына себеп беріп тұр. Сондықтан әділетсіздік орын алды”, – деп жас спортшының кемшін тұсын ағалық ақылмен айтқан ол спортшыларымыздың болашағы үшін алаңдаулы екенін жасырмады.

Ал осы әділетсіздіктің соңында қандай да бір саяси астар жатқан жоқ па деген сұрағымызға: 

“Жоқ, мұның астында саяси астар жатқан жоқ. Біздер індет деп інімізде тығылып жатқан кезде еуропалықтар мен америкалықтар дайындалып, жарыстарына қатысып өздерін шыңдады. Біздің спортшылардың дайындығы әлсіз болды. Біз Кеңес үкіметі кезінен бері келе жатқан спортшылармыз, біз жылына 20-25 жекпе-жекке шығатын едік. Әр мықты боксшы сондай дәрежеде өнер көрсетуі керек. Қазір ондай мүмкіндік болмады. 

Ұзын сөздің – қысқасы жалпы спортты дамыту керек. Бірақ оған мемлекеттің мүмкіндігі жете ме деген сұрақ туады”, – деп қорытындылады сөзін ол. 

Спорт сарапшысы, журналист-комментатор Есей Жеңісұлы Токио Олимпиадасы біздің қазіргі спорттағы жағдайды түгел саралап бергенін айтады. 8 медальдің жаман көрсеткіш емес екенін ескерткен ол кәнілілерді іздеп немесе көрші елдер озды деп оларды күндегенше, келешек ұрпақтың спортпен айналысуына жағдай жасап, кешенді дайындауды қолға алуды ұсынды. 

“Сұраққа сұрақпен жауап бергім келеді. Бұл Олимпиада нәтижесі соншалықты сорлы ма? Менің ойымша, жаман емес. 8 медаль деген Қазақстанның бұған дейінгі нәтижесінен саны жағынан төмен емес. Ал сапасы жағынан, әрине, алтынымыз, күмісіміз жоқ. Сол үшін жер соғуға, аһ ұруға болады. Бірақ Токио Олимпиадасы біздің қазіргі спорттағы жағдайды түгел саралап берді.

Бокстан басқа елдің өрендері жақсы өскенін көрдік. Ал біздің кері шегінгенімізді байқадық. Күрестен сол бір орында тапырақтап тұрғанымызды ұғындырды. Ешқандай прогресс жоқ. Жаңадан қосылған каратэ біздің абыроймызды аздап көтерді. Екі қола алдық. Егер каратэ келесі Олимпиада бағдарламасынан сызылып қалатын болса,  біздің көзірлеріміз кемейді деген сөз.

Ауыр атлетика дәстүрді сақтай алды. Бірақ төрешілердің бармақ бастылығы да болды. Сосын спортшыларымыздың негізгі қарсыластарынан бәрібір шеберлігі кем екені байқалып тұрды. Ауыр атлетикадан екі қола өте жақсы нәтиже.

Екі балуанымыз қола үшін күресіп есесін қарсыласына жіберіп алды. Бұл бізде қалыптасып қалған дәстүрге айналды десе де болады. 2012 жылғы Олимпидада бірқатар спортшыларымыз жеңілген болатын. Әйелдер күресіннен үш спортшымыз барды. Үшеуі де алғашқы қарсыластарын жеңе алмады. Бұл өте нашар нәтиже. Бұл спорттада кері кету бар деген сөз.

Басқа спорт түрінен медаль күтетіндей болған жоқ. Оның астын сызып айтуымыз керек. Ескек есу мен тенистен мүлде күткеніміз жоқ. Елена Рыбакина төртінші орынға жайғасты. Және ол өте жоғары көрсеткіш. Бірақ Рыбакинанның өзі қазақ мектебінің түлегі емес деген нәрсенің өзі бәрібір көкейімізде қалып қояды. 

Жүзуден Дмитрий Баландиннің қарсыластары өте өсіп кеткенін біз Олимпиада басталмай тұрып материал етіп жазған болатынбыз. Сондықтан Баландиннің сәтсіздігіне аса бір күйінудің қажеті жоқ. Күтпеген нәрсе деп айта алмаймыз.

Ольга Рыпакованың жасы өсті, оның қарсыластары мықты. Алтын әкелмеді, күміске ілінбей қалды, медальсіз қалдық деп ренжудің түкке де қажеті жоқ. Жеңіл атлетикадан барған басқа спортшылар олар өз деңгейінде ғана өнер көрсетті. Сондықтан Олимпиада нәтижелерін қорытындылай келе өз биігімізде өнер көрсеттік. Бұдан артық секіре алмайтын едік. Әрине, бір алтынға немесе бір күміске қол жеткізуге болатын еді бірақ жағдай осындай”, – дейді комментатор.

Есей Жеңісұлы Сәкен Бибосыновқа төрелік еткен қазылар алқасын қолдайтынын жасырмайды. 

“Сәкен Бибосыновтың жолын шалды деп жатқандар көп. Бірақ спорт шолушысы ретінде мен мынаны айтамын: бірінші раундта накдаун алып қалған жігіт, үшінші раундта бас көтермей соғуы керек еді. Ал біздің жігіт қарсыласын күтіп жүріп қалды. Төрешілер де ақымақ емес, соның бәрін көріп отыр. Сәкен қарсыласынан бір емес, екі балл жоғары болуы керек еді. Сондықтан бұл жерде төреші шешімімен келісемін. 

Қорыта келе, жұртты қараламас бұрын осы деңгей өзімізге лайық екенін мойындауымыз керек. Екіншіден, жұртты күндеумеу керек. Қырғыз, түркімен, өзбек озып кетті деп өзге ұлтпен салыстырудың қажеті шамалы. Өйткені осы уақытқа дейін олар біздің артымызда қалып келді. Өзбектің бізден озғаны екі-ақ Олимпиада. Оған дейінгі бес Олимпиадада біз оздық. Демек олардың да оза шабатын кезі туды. Ал неге біз оны күндеуге тиіспіз. Күндейтіндей ол біздің  үш қайнаса сорпасы қосылмайтын халық емес, көршілес, туысқан халық. Сондықтан қуана білуіміз керек. 

Спортымыз бітті, сорладық, бір спортшыға бәленбай ақша бөлгенде, неге содан нәтиже болмады деген өтірік, кәсіби емес сөз деп есептеймін. Өйткені Олимпиадаға барған әрбір ел өз спортшысына белгілі бір дәрежеде ақша жұмсайды. Бірақ сол спортшының бәрі сол ақшаны ақтап  жатқан жоқ. 

Сондықтан біз жұртты қызғануды қойып, балалар мен жасөспірімдер спортына ерекше назар аударып, алдағы үш жылда кем кетікті түзетуге тырысу керек. Бізге ешкім 8 қоланы қолымызға ұстатқан жоқ, үлкен еңбекпен келді. Меніңше, қымсынудың қажеті жоқ, осы нәтижеден қорытынды шығаруымыз керек” – дейді спорт комментатторы. 

Ал спортшылардың мұндай сәтсіздіке ұшырауына, төрешілердің әділетсіздігіне Ресейге жарияланған санкция әсерінен дегенге Есей Жеңісұлы мүлде келіспейді. 

“Ешқандай қысым болмады, Ресейге байланысты одақтас ел деп бізге қысым көрсетті деп өзімізді ақтап алудың қажеті жоқ. Менің ойымша, Ресейге одақтас екен, сондықтан біздің жолымызды кесті деген өтірік, қырық сылтаудың бірі. Олар Қазақстанды қысқанда не ұтады? Қазақстан сонша әлемді аузына қаратып отырған ел емес. Сондықтан өзімізді бұлай жұбату – әбестік”, – деп қысқа қайырды ол. 

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындары жайлы пікір білдірген еді. Сөзінше, Ұлттық құраманың көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді

Айта кетсек, Қазақстан Токио Олимпиадасынан алтын да, күміс те ала алмады. Қоржынымызда тек сегіз қола медаль бар. Жалпы командалық есеп бойынша еліміз 83-орынға жайғасты.

Источник stan.kz

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends: