Үйге қайтуға сапқа тұрғызылды

                   Аягөз гарнизонында орналасқан әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметтегі 60-қа жуық сарбазы жауынгерлік тумен қоштасып, салтанатты түрде әскери запасқа шығарылды.

Өткен жылдың көктемінде Алматы облысынан әскери қызметке шақырылып, Аягөз өңірінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздар үйіне оралмақ. Осындай қуанышты күннің құрметіне орай әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінің басшылығы жеке құрамды жауынгерлік тумен қоштасуға арналған салтанатты сапқа тұрғызды.


Жауынгерлік дәстүрге сәйкес сарбаздар сап алдына шығарылды, қызметтік борышын өтеу кезінде ерекше көзге түскен үздік жауынгерлерге мақтау қағазы мен тілек жазылған естелік фото суреттері табысталды. Сонымен қатар, саптағы сарбаздардың ата-аналарының мекен-жайына бөлім басшылығы атынан алғыс хаттар жолданды.
Шара барысында командирлер жауынгерлерге үлгілі қызметтері үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан Қарулы Күштерінде борышын өтеу жас жігіттер үшін ерлік пен патриотизм мектебі болғанын айтты.


Биылғы мерзімді әскери борышын өтеген сарбаздардың қатарынан өз еркімен әскери қызметке келісімшарт бойынша қалатындары бар. Өмірлік қызмет жолын таңдау еркі өздерінде, дегенмен, бұндай шешім қабылдауы бізді ғана емес, ата-аналарын да қуантары анық. Бір жылдық қызмет кезінде біз сарбаздарға әскери өмірде алған тәжірибесімен үлкен жолға түсулеріне кеңес бердік. Ендігі кезекте үйлеріне қайтатын сарбаздарға мінсіз қызметтері үшін рахмет айтамын, өмір жолында бәріне сәттілік тілеймін, — деді бөлімнің штаб бастығы полковник Арслан Уәлиев.


Әскер қатарынан запасқа шығарылған әскери қызметшілер
кез-келген сәтте Отанды қорғауға дайын.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі