Қолбасшы мотивациясы

«Шығыс» өңірлік қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов былтырғы жылы әскери оқу орындарын тәмәмдап, Аягөз гарнизонының әскери бөлімдерінде қызмет өткеріп жүрген жас офицерлермен жүздесті.

Бағынысындағы әскерлердің жауынгерлік даярлығымен әлеуметтік жағдайларын қадағалауды басты назарда ұстайтын «Шығыс» өңірлік қолбасшысы, бұл жолғы кезекті қызметтік іссапарында Аягөз гарнизонындағы жас офицерлермен кездесіп, еркін тақырыпта сұхбат өткізді.


Ашық аспан аясында ұйымдастырылған бұл кездесуде қолбасшы оларға әскери өмірден алған тәжірибесімен, қызмет өткерген өңірлердегі қызықты сәттерін әңгімелеп берді. Әскери салаға енді қадам басқан саптағы жас офицерлерге генерал-майор Асан Жүсіпов қызметтік мәнсапта бастысы – Отан қорғаушы екендіктерін және ел тыныштығы мен игілігі үшін қызмет атқарып жүргендерін естен шығармауды тілге тиек етті.


Қолбасшымен өткен қызықты сұхбатта жас офицерлер өздерін еркін ұстап, көкейлеріндегі қызықты сауаладарын қойып әскери салаға жаңа тыныс береді деген пайымды көзқарастарын білдірді. Бір сағат шеңберінде өткен кездесу соңында «Шығыс» өңірлік қолбасшысы аз уақыт ішінде қызметте ерекшеленген бірқатар жас офицерлерге өзінің ағалық тілегі мен қолтаңбасы жазылған аранайы сыйлық кітаптарын табыс етіп, естелік суретке түсті.
— Бүгінгі кездесу маған ерекше ұнады, себебі біз өңірлік қолбасшымен сұхбат барысында жарғылық қатынасты мүлдем сезінбедік. Неге десеңіз ол кісімен өткен сұрақ-жауабымыз, диалогымыз десекте болады бейне бір аға мен інілердің әңгімесіндей болды. Өйткені біз ол жерде шынайы өмірде қалай офицер болып қалыптасуды, генерал болу үшін қызметті қалай өткеру керек және тағыда басқа тақырыптарда әңгіме қозғадық, — деді танк әскери бөлімінің взвод командирі лейтенант Әлібек Алибай


Жүздесуден кейін қолбасшы күз айында «Батыс» өңірлік қолбасшылығында өтетін ауқымды далалық оқу-жаттығуына қатысатын Аягөз гарнизонының жеке құрам алдына шығып сөз сөйлеп, өз сөзінде өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік даярлық деңгейін жоғарғы деңгейде көрсету керек екендігін және де бөлім командирлеріне қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын қадағалауды тапсырып, абыроймен өткеріп келуге сәттілік тіледі.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі