Он күн сабақтан қалған бала автоматты түрде есепке ілінеді: Балалар қандай жағдайда полиция тіркеуіне алынады

on kүn sabaқtan қalғan bala avtomatty tүrde esepke ilinedi balalar қandaj zhaғdajda policija tirkeuine alynady 926f9f4

Алматыда жарты миллионнан астам жеткіншек тұрады. Қалада тұрақтылықты сақтап, қауіпті құқық бұзушылық пен қылмысты алдын алу үшін ювеналды полиция қызметкерлері арнайы әдіс-тәсілдерге негізделген профилактикалық шаралар жүргізеді. Жеткіншектермен жұмыс бағытында 14 жыл қызмет еткен Алматы қаласы Әуезов ауданы Ішкі істер басқармасы кәмелетке толмаған жасөспірімдер бөлімінің полиция майоры Динара Қадырмұратқызымен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, жұмысының ерекшеліктері мен қиындығы жайлы тілдесті. 

Он күн сабақтан қалған бала автоматты түрде есепке ілінеді: Балалар қандай жағдайда полиция тіркеуіне алынады

Жасөспірімдерге 0 жастан 17 жас аралығындағы балаларды жатқызамыз. Қазақстанда кәмелет жасқа толмаған 5,6 миллион бала бар деп есептелген. Алматы қаласы бойынша жеткіншектер саны соңғы бір жылда 64 мыңға көбейген. Ресми статистикаға сүйенсек, 2021 жылы жеткіншектер саны 527 000-нан асып жығылады. Былтыр бұл цифр 460 мыңнан астам болған.

Соның ішінде қазір қалада 207 мемлекеттік мектеп, 71 жекеменшік мектеп (барлығы 276 000 оқушы), 83 колледжден(61 мың студент) кәмелетке толмаған студент білім алады, сондай-ақ, 50-ден астам университетте оқитын жеткіншек бар. 

Мектеп полиция инспекторлары институты немен айналысады?

Полиция майоры Динара Қадырмұратқызының айтуынша, мектеп полиция инспекторлар институты 2007 жылдан бастап жұмыс істейді.

Полиция департаменті қаладағы тұрақты жағдай инспекторлардың мектеп оқушылары мен оқу орындарының кәмелетке толмаған жеткіншектермен сенімді қарым-қатынас орнатып, тиімді жұмыс істеуінің нәтижесі деп бағалайды.

“Осы күнге дейін әр мектепте бір инспектор бекітіліп, ата-ана, мектеп әкімшілігімен бірлесіп жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар істейміз. Балалар арасында сауалнама жүргіземіз, ата-анасын шақырып әңгімелесеміз. Мұндағы мақсат – құқық бұзушылыққа бейім балаларды анықтау.

Көбінесе бізге ақпаратты сынып жетекшісі айтады. Сабақтан көп қалатын оқушылардың үйін тексеруге ұсыныс жасайды. Мекенжайына барып тексеріс жүргіземіз. Балаларына қарамайтын, ішуге құмар немесе әуесқой адамдар болады. Үйдегі жанжалдың көбі осы ата-ананың ішімдікке салынуынан болып жатады. Егер оқушы ауырып қалып, анықтама алып келетін жағдайда, оның растығын тексереміз. Он күн сабақтан қалған бала автоматты түрде профилактикалық есепке алынады. Апта сайын ІІБ-ға келіп, түсініктеме жазып отырады. Қазір шектеулерге байланысты онлайн түрде балалар мен ата-анамен инспекторлар, психологтар әңгімелеседі. Мәселен, онлайн сабаққа бала кірмесе, үйіне барып тексеру жүргізеді”, – дейді маман.

Жасөспірімдер арасында кең таралған құқық бұзушылықтар қандай

“Жеткіншектер арасында тонау, ұсақ бұзақылық, ұрлық, алаяқтық сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі. Көбіне жеткіншектер арасындағы ұрлық белгілі бір себеппен, мотивпен жасалмайды. Жай әншейін біреудің затып ұрлап кетіп жатады. Қаланың балалары бұзақылық көп жасай қоймайды. Жеткіншектер балалық қызығушылықпен, еш себепсіз ұрынып жатады. Осы жағдайда мектептегі оқушыларды тәртіпті болуға шақырамыз, себебі бала тіркеуге ілінсе, базада көрініп тұрады. Бір жыл бойы есепте тұрады. Бұл сәйкесінше ертең бала оқуға түскен кезде өзінің кері әсерін береді. Тіркеуде тұрған бір жыл ішінде үлгерімі, тәртібі жақсарса, есептен шығарылады”, – дейді полиция қызметкері.

Айтуынша, жасөспірімдер арасында ішімдік пен наркоманияға қатысты мәселелер де болып тұрады, бірақ салыстырмалы түрде кең таралмаған. 

Құқық бұзушылық жасайтындардың көбі – өңірлерден келген жеткіншектер

Мектеп қабырғасынан бөлек, жеткіншектерді көше, далада бақылау өте қиын. Көбіне құқық бұзушылар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан болып жатады. Олардың бірқатары алыс-жақыннан, шет аймақтардан келген. 

“Әсіресе, Алматы қаласына өңірлерден көп келеді. Біздің аудан Сайран автовокзалына жақын болғандықтан сол аймақта құқық бұзушылық жиі тіркеледі. Осыған орай күнделікті рейд жүргізіп, профилактикалық жұмыс атқарылады. 

Жеткіншектер арасында көбіне құқық бұзатын ер балалар. Қыздар көбіне алаяқтыққа бейім болады. Бізге шақыру 102 операторы арқылы хабарланады. Көбіне бөлімге түскен бала ата-анасын, өзі жайлы ақпаратты айтпай жатады. Сонда өзі оқитын колледж, мектебін табу арқылы ата-анасын анықтауға мәжбүр боламыз”, – дейді маман. 

Кәмелетке толмаған бала жұмыс істей ала ма?

Кәмелетке толмаған бала жұмысты тек ата-анасының келісімімен істей алады, дейді ювеналды полиция қызметкері.

“Жұмыс беруші мен ата-ананың арасында келісімшарт болуы тиіс. Бұл сабақтан тыс, жазғы демалыс кезінде. 3-4 сағат қана жұмыс істеуге рұқсат етеді. Ал сабақ уақытында жұмыс істеу мүлдем тыйым салынған”, – дейді ол. 

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қалада жүріп-тұруға болмайды. Соның ішінде компютерлік клубтарға да баруға тыйым салынады. Баланың заңды өкілі тек ата-анасы бола алады алады. Егер осы тұрғында құқық бұзушылық анықталса, ата-анасына айыппұл салынады.

Қыздар қызғаныштан өздерін қол салады

“Қыздар жігіттерімен, ата-анасымен ұрсып қалса дәрі ішіп алады. “Далаға шықпа, жігітпен сөйлеспе” деген сөздерді көтере алмай жатады. Жігітінің “басқа қызға қарап қойғаны да” қыздың өзіне қол салуына себеп болады. Осындайда жедел жәрдем шақырып ішін тазалап, ары қарай психологқа, сауықтыру орталығына міндетті түрде хабарлама береміз” – дейді маман. 

Қыздар арасында ерте жүктілік кең таралған

“Он алты жаста босанатындар бар. Егер он алты жаста жүкті болып, жігіті өзінен үлкен болса, олар азаматтық некеде тұра алады. Перинаталды орталықтардан ай сайын хабарлама келіп отырады. Ата-анасының, жігіттің қатысуымен түсініктеме алынады. Он алты жасында алғышқы жыныстық байланыс болса екіжақты келісім жүргізіліп, іс жабылады. Ал егер қыз он бес жаста болса, жігітке қатысты қылмыстық іс қозғалады. Жағдай қонай үй, пәтерде болды ма – осы да ескеріледі. Егер қонақ үйде болса істі сотқа жібереміз. Өйткені қонақ үйлермен меморандум жасалған. Кәмелетке толмаған балаларды кіргізбейді, тек ата-анасымен бірге бара алады”, – дейді Динара Қадырмұратқызы. 

Азаматтар ата-ана құқығынан қандай жағдайда айырылады

Кәмелетке толмағандармен жұмыс істеудегі маңызды бағыт – балалары ата-анасының адекватты емес жүріс-тұрысы салдарынан қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс. Мұндай отбасыларды тексеру рейдтері жиі жүргізіледі. Сондағы мақсат –  отбасы мүшелерінің, негізінен балалардың өмірі жақсы жаққа өзгеріп-өзгермей жатқанын бағалау.

18 жасқа дейін балаға, қандай жағдай болмасын ата-ана жауапты, дейді полиция қызметкері.

“Мұндай отбасылар ең бірінші тіркеуге қойылады. Одан кейін ұзақ уақытқа созылуы мүмкін жұмыстар жүргізіледі. Біздің мақсат ересектерді қалыпты өмірге келуіне жағдай жасау. Профилактикалық есепке алынған ата-ана бір жылдың ішінде қалпынан өзгермесе, қамқорлық органына жіберіледі. Одан кейін кәмелетке толмағандар ісімен айналысатын комиссия ересектерді ата-ана құқығынан айыра алады. 

Комиссияның шешімі негізінде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" ҚР Кодексіне сәйкес, ата-ана құқығын дұрыс орындамайды деп, әкімшілік хаттама толтырылады. Нәтижесінде сот он айлық есептік көрсеткіш айыппұл тағайындайды. Көбіне ішімдікке салынған отбасыларды ата-ана құқығынан айырып жатады”, – дейді маман.

Балаларға арналған жабық мектеп бар

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы Алматыдағы жүріс-тұрысы қалыпты емес балаларға арналған жалғыз мектеп.

Орталық девиантты мінез-құлықты балалар,  мектепке бармайтын, ата-ананы тыңдамайтын, мұғалімдердің беделін сыйлайтын, ювеналды полицияны мойындамайтын, үйден қашатын, қоғамдық орында тыйым салынған әрекеттерді жасайтын жеткіншектерге арналған.

“Балаларының сабақ оқымауына кейде ата-ана себеп болады. Ондай жағдайда Алматы қаласында жабық түрдегі мектеп көмекке келеді. Сол жерге құжаттарын жинап комиссия шешімімен жіберіледі. Мектепке Қазақстанның шет-шетінен бала келеді. Барлығы 40-қа жуық бала бар. Психолог баланың сабақтағы жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, сабаққа араласуын бағалайды, сауалнама жүргізеді. Мұнда психологтың жұмысы маңызды. Осы мамандар баланың жағдайын бағалап, анықтайды”, – дейді ол. 

Тәртіп бұзған жеткіншектер өз баламыздай болып кетеді: Жасөспірімдермен жұмыс кезіндегі оқиғалар

Полиция қызметкері он төрт жылдық тәжірибесінде бірталай оқиғалардың болғанын айтады. Жеткіншектердің әртүрлі болатынын: бірі үйінен шығып кетіп, жоғалып кетсе, енді бірі интернетте алаяқтықпен күн көретінін айтады.

“Ауытқуы бар жеті жасар бала Алатау ауданынан біздің ауданға өтіп кеткені бар. Ол үйінен сауда орталығына жалғыз өзі кетіп қалған. Жергілікті АІБ-ға баланың жоғалғаны туралы хабар келеді. Сөйлей алмаса да, Ақбұлақтағы үйінен сауда орталығына жетіп алған. Ата-анасы баланың сағат төртте шығып кетіп, үйге оралмағанын хабарлаған. Сөйтсе кенжелері сауда орталығында жүр екен. Сауда орталықтағы қызметкерлер баланың түр-сипатын белгілеп, анықтайды. Қуанышқа орай, жеткіншек табылып, ата-анасын қайтарылады. Бір емес, екі рет жоғалып, табылды. Көргенде бірден танимын, өзімнің баламдай болып кетті”, – дейді ол.

Айтуынша, кәмелетке толмағандарға арналған жабық мектепке барып толық өзгеріп шыққан балалар бар. 

“Бұл жеткіншек толыққанды емес отбасында анасымен ғана өмір сүретін. Сабаққа бармайтын. Басқа ауданға барып қайыр тілеумен айналысатын. Жиналған ақшаға компьютерлік ойын ойнайды. Ол жерде үлкендер алдап, ақшасын алып алады. Одан қалғанын анасына әкеп береді. Шешесі де аурушаң әйел. Бала не сабаққа келмейді, не үйінде жоқ. Осылай баланы іздеп есепке қойып, комиссия шешімімен арнайы білім беру мектебіне жабамыз. Он бір жасынан бастап бала бір жыл бойы сол мектепте болды. Қазір толық өзгеріп, тәртібі түзелді. Көшеде көргенде жүгіріп келіп амандасады. Анасы бір бөлмелі үйде тұрады, екінші күйеуі бар. Мұндай отбасыларға әкімшілік тарапынан көмек беруге тырысамыз”, – дейді маман. 

Оның сөзінше, әлеуметтік көмекті кей отбасы қуана-қуана алса, енді бірі жақтырмайды. 

“Алаяқтық бойынша жазаға тартылған жеткіншек қыз 11-сынып оқушысы бізге түскен. Оның ата-анасы бар. Ол адамдардың ақшасын алдын ала алып, интернет арқылы алаяқтыққа қатысты құқық бұзған. Осыған дейін 3-4 рет алаяқтық жасаған жеткіншек ауданымыздың тұрғыны, пробациялық есепте тұр. Оған бір жылға бас бостандығына шектеу беріледі. 

Кейбір жеткіншектер сауда орындарында киім ұрлайды. Ата-анасын шақырып, киімдерді қайтарып беріп жатады”, – дейді полиция қызметкері.

Айта кетейік, Алматы қаласы Әуезов ауданында жасөспірімдер саны 88 мыңнан астамды құрайды. Ауданда 33 мемлекеттік мектеп, алты университет, 20 колледж бар, жекеменшік 10 мектеп орналасқан. Оның ішінде 33 мектепте 44 мың оқушы білім алып жатыр.

Источник stan.kz

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends: