Жұбаныш Жексенұлы: Мен — сауатты музыкант емеспін

Жұбаныш Жексенұлы өміріндегі ауыр жыл жайлы айтты. Әнші 2018 жылы ата-анасынан айырылып қалғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz Тимур Балымбетовтың "Ашығын айтқанда" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жұбаныш Жексенұлы: Мен - сауатты музыкант емеспін

"2018 жылы әкем, одан кейін 4 айдан соң анам өмірден өтті. Өте ауыр жыл болды. 

Қанша жаста болса да, ата-анадан айырылу кез-келген адамға жеңіл болмайды деп ойлаймын. Екеуі де еңкейіп тұрған кәрі болған жоқ. Әкем 64-те, анам 66-да болды", — дейді Жұбаныш.

Қос қанатынан айырылған өнер иесі өзегін өртейтін өкініші туралы да жан сырын ақтарды. 

"Қолдан келгенше, ештеңеге өкінбеуге тырысасың. Бірақ бәрібір, сол бір жақсылығымызды, құрметімізді, іштегі балалық көңілімізді толық сездіре алдық па, жоқ па?! Сол сұраққа жауап іздеп қалған кездер болды. Бәрібір іште қалатын дүние, оны бір Алла біледі", — дейді ол.

Бұдан бөлек, Жексенұлы заманауи эстрадалық өнердің халі нашар екенін жеткізді. Кезінде Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, "АБК" тобы салып кеткен дайын жолды жалғастыра алмадық, деп күйінді. Өзін сауатты музыкант санамайтынын да мойындады. 

Жұбаныш Жексенұлы Ninety one тобының "сатқындығы" жайлы айтты

"Қалай естілсе де айтайын, мен — сауатты музыкант емеспін. Біз музыканы оқымадық. Мысалы, менің ұлым Абик Жексен — сауатты музыкант. Оның жанында JJ-Band атты ансамбль бар. Сол жердегі менен басқа алты жігіт те сауатты музыканттар. 100 пайыз бір музыкалық аспапты меңгере алатын адамды музыкант дейді ғой. Менде ондай жоқ. 

Мен — қазақ даласының, оның ішінде Созақ даласының музыка академиясының студентімін ғой әлі",-  деп күлді ол. 

Источник stan.kz