200 астам медицина қызметкерінің «жағдайын жасаған»: Ақмолалық кәсіпкер әкімдікке алданғанын айтып наразы

200 astam medicina қyzmetkeriniң zhaғdajyn zhasaғan aқmolalyқ kәsipker әkimdikke aldanғanyn ajtyp narazy b172fd7

Ақмола облысында пандемия кезінде 200-ден астам медицина қызметкерін демалыс аймағына жайғастырып, қызмет көрсеткен кәсіпкер әкімдікке алдандым деп шағымданып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

200 астам медицина қызметкерінің "жағдайын жасаған": Ақмолалық кәсіпкер әкімдікке алданғанын айтып наразы

Ол карантин кезінде ақ халаттыларға жатын орын, үш мезгіл тамақ бергенін айтады. Бірақ, бұл қызметі үшін әкімдік бір тиын да төлемепті. Сөздерінше, көрсетілген қызмет құны 182 миллион теңгеге тең. Шығынға баттық деген "Елікті парк" тау шаңғы кешенінің ұжымы сегіз айдан бері қаражатты өндіре алмадық деп, енді көмекті президенттен күтіп отыр.

Аймақта коронавирус кең таралған шақта, яғни былтырғы желтоқсан айынан бастап, биылғы 18 ші наурызға дейін "Елікті тау шаңғы парк" кешені тынығушыларды қабылдаудан бас тартып, дәрігерлерге тік тұрып қызмет еткен. 200-ден астам медицина қызметкеріне жатын орын мен ас-ауқатын ұсыныпты. Бұл қызметі үшін әу баста әкімдіктен қомақты ақы алатын болып еш келісімшарт жасамастан, тек сөз жүзінде келіскен екен. Сөйтіп, шығынымыз өтеледі деген сеніммен қолда бар қаражатты аямай жұмсадық дейді кәсіпкер.

“Пандемия басталған кезде Туризм басқармасының басшысы мен облыс әкімінің орынбасары Қанат Мұратұлы келіп медицина қызметкерлерін жайғастыратын орын тауып беруді сұрады. Сөйтіп, қонақүй кешеніне бір тәулікте 235 медицина қызметкері жайғасты. Төсек орын, 3 рет ыстық тамақ берілді. Біз барлық талаптарды орындадық. Қарыздың жалпы сомасы 182 миллион 300 мың теңге. Міне әлі күнге Ақмола облысы әкімдігі тарапынан бір тиын да қаражат төленген жоқ”, – дейді “Елікті паркі” кешенінің директоры Сәкен Айтқали. 

Әкімдіктегілер бюджеттегі қаражат тапшылығын айтып, жеңілдік те сұрапты. Кәсіп иесі бастапқыда оған да келіскенін айтады. Бірақ, 8 айдан бері қарызға көрсетілген қызмет құны әлі күнге өтелмеген. Соның кесірінен кәсіпкер шаш етектен шығынға батып, жұмысшыларына жалақы да төлей алмайтын жағдайға жеткен.

“Дәрігерлердің жұмыс кестесіне сай таңғы ас сағат 5-6 дан бастап, ал кешкі ас түнгі 1 ге дейін берілетін. Олардың еңбегі толық төленді ғой. Ал, біз әлі күнге жалақымызды да ала алмай отырмыз”, – дейді аспаз Лариса Ким. 

Мәселенің анығын білу үшін облыстық әкімдікке хабарластық. Алайда, ондағылар дәрігерлерге қатысты барлық сауал денсаулық сақтау басқармасына деп бастарын алып қашты.

“Былтырғы жылдың аяғы мен биылғы жыл басында "Елікті паркінің" ұжымы медицина қызметкерлеріне қызмет көрсету бойынша өз міндеттемелерін толық орындады. Бюджеттегі қаражат тапшылығынан мәслихат сессиясында осы мақсатқа 137, 6 миллион теңге бөлінді. Алайда, "Елікті парк" кешені мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында келісім шарт жасалмағандықтан, төлем жасау мүмкін болмады. Енді қолданыстағы заң аясында құзырлы орган осы мәселені шешудің жолын қарастырып жатыр”, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Нариман Сыздықов. 

Құрғақ уәдеге сеніп, атқарылған қызмет ақысын ала алмай сергелдеңге түскен кәсіпкер сенімге селкеу түсті дейді. Енді ол жақын арада жауаптылар қарызын қайтармаса, көмекті тек президенттен күтетінін жеткізді.

Источник stan.kz

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends: