Нұр-Сұлтанда тағы да жер үй өртеніп, екі бала зардап шекті

Астанада тұрғын үй өртеніп, екі бала зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовке сілтеме жасап.

«Сағат 18.06-да Нұр-Сұлтан қаласының «101» пультіне Алматы ауданының Яблочная көшесінде орналасқан жекеменшік тұрғын үйден өрт шыққаны хабарланды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйдің шатыры жалындап жанып жатқанын анықтады. Тілсіз жаудың таралуы сағат 18:36-да тоқтатылып, 18:46-да толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 70 шаршы метрді құрады. Оқиға салдарынан 2016 және 2019 жылдары туған балалар орта және жеңіл дәрежеде көмірқышқыл газына уланған. Сондай-ақ 2019 жылғы баланың бетін күйік шалған (7%). Өрттің шығу себебі анықталуда», – деді ресми өкіл.

Балалар №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді.

Жалынды ауыздықтауға елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 25 адам мен 4 техника жұмылдырылды.