Алматы дәрігерлері Республика алаңында мотоциклист қағып кеткен баланың жағдайына түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бала жедел медициналық көмек орталығына жеткізілді. Балада ашық бас сүйек-ми жарақаты, іш қуысы мүшелерінің, кеуде мүшелерінің жарақаттары, оң қол иығының сынуы бар. Бауыр жыртылғандықтан, операция жасалды. Қазір науқас реанимацияда. Жағдайы өте ауыр", – деп хабарлады Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы.
Еске сала кетейік, 19 шілдеде сағат 22:00 шамасында Алматыдағы Бостандық ауданында 1962 жылғы жүргізуші DUKE BLACK маркалы мотоциклімен Сәтбаев көшесінің бойымен батыс бағытта келе жатып, №4 ғимаратқа қарама-қарсы Республика алаңында келе жатқан екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол апаты салдарынан әйел жансақтау бөліміне жеткізіліп, сол жерде алған жарақаттарынан көз жұмды.