Нұр-Сұлтанда ер адам ойыншық тапаншамен ломбардты тонап кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
20 шілдеде "102" пультіне кассир хабарласып, бірнеше минут бұрын белгісіз адам тапаншамен қорқытып, ломбардты тонап кеткені туралы айтқан. Ол 200 мың теңге сомасында қаражатты ұрлап, белгісіз бағытқа қашып кеткен.
"Жәбірленушінің сөзінше, сағат 12.00-де медициналық маска таққан ер адам терезеге жақындап, тапаншасын көрсеткен. Кейін целлофан пакет беріп, "тезірек ақша, алтын, не бар бәрін сал! Әйтпесе өлтіремін!" деп ақырын ғана айтқан. Осы сөздерден кейін қыз ақшаны монеталармен қоса жинап, пакетті қарақшының қолына берген", – дейді полицейлер.
Оқиға орнына жедел полиция жасағы барып, күдіктінің белгілері анықталды. Полиция жасақтары бағдар бойынша барлық ауданды тексеріп шықты.
- ШҚО-да ер адам жезөкшелерді тонап кетті
- Оралда үш ер адам ойыншық тапаншамен адам ұрлап, қомақты қаржысын жымқырып кетті
Осылайша жедел басқару орталығының операторлары бейнекамераларды қарап, күдіктіге ұқсас ер адамды байқайды. Видеокадрлардан оның жылдам жүріп бара жатып, белгісіз затты лақтырып жібергенін көруге болады. Кейін өтіп бара жатқан бір адам бұл затты алады, бірақ тапанша ойыншық болып шығады.
Полиция қылмыскерді сауда үйінің тұрағында ұстады. Ол қала маңындағы ауылдың 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті кінәсін мойындап, ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. "Қарақшылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.