Көп балалы ана 5 миллион теңге грант ұтып, тігін цехін ашқан: «Іскер ана» бағдарламасы аналарға қалай көмектесуде

Алматы қаласында көп балалы аналар мен аз қамтылған аналарға қолдау мен көмек беру мақсатында “Іскер ана” жобасы жұмыс істеп жатыр. Білім беруге бағытталған бағдарлама “Бақытты отбасы” орталығы аясында жүзеге асырылуда. Бұл жоба арқылы көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен аналар түрлі білім курстарын өтеді, оларға әкімшілік тарапынан кәсіпті сүймелдеуге көмек беріліп, оны жүзеге асыратын орын табуға жеңілдіктер ұсынылады. "Іскер ана" қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен 2019 жылы іске қосылған әлеуметтік жоба болды. 

Алматы қаласы Әуезов ауданы "Бақытты отбасы" әлеуметтік орталығының басшысы Кудышева Ботагөз “Іскер ана” жобасы басталған сәттен бастап әлеуметтік орталықта 172 кәсіпкер тіркелгенін айтады.

Әуезов ауданының әйелдері "Іскер ана" жобасы аясында келесі бағыттар бойынша курстардан өте алады:

  • тігін ісі
  • аспаздық
  • шаштараз
  • есепші және іс қағаздарын жүргізу
  • массаж

Оның ішінде: Бастау Бизнесі – 71, әлеуметтік азық-түлік цехы және әлеуметтік тігін цехы –  34, массаж орталықтары –  52, "Еңбек" бағдарламасы бойынша: әлеуметтік жұмыс орындарына – 82 адам; қоғамдық жұмыстарға – 820 адам.; жастар тәжірибесі – 43 адам жұмысқа орналастырылды. 

Көп балалы ана 5 миллион теңге грант ұтып, тігін цехін ашқан: "Іскер ана" бағдарламасы аналарға қалай көмектесуде

Шымкент қаласының тумасы Сандуғаш Есенбекова – көп балалы ана. Ол “Qolday" кәсіпкерлік орталығынан 5 миллион теңге көлемінде грант ұтып, “Ару-Ай” тігін цехін ашқан.

Сандуғаш Есенбекова

“Бастау бизнес курсы туралы естіп, кешкі сабаққа жазылдым. Тренерім өзінің 3 миллион теңге ұтқанын айтты. Кәсіп ашуға байланысты идеяларға қолдау көрсетеді деді. Сол кезде 505 мың теңгенің грантын емес, 5 миллионның грантын ұтамын деп өзіме мақсат қойдым. 2019 жылы Бастау Бизнесті оқып, 2020 жылы 5 млн теңгенің грантына бизнес жоспар жазып, өткіздім. Оған бір жыл дайындалдым. Қалай дайындалу керек, маған қажет аппаратты қайдан алу қажет екенін зерттедім. Осындай аппараты бар қандасымызға барып жүріп, қалай жұмыс істейтінін көріп-біліп жүрдім. Біраз уақыт зерттей келе, сол құрылғының қалай жұмыс істейтінін, одан қандай табыс табуға болатынын білген соң идеямды қорғау сәтіне көрпе тігіп апардым. “Қолдау” деген жазуы бар көрпеше менің ботұмарым болды. Екі апаратты салыстырып, сатып алғалы отырған жаңасы өте жылдам тігетінін, оны алу арқылы жұмыс жеңілдететінін дәлелдедім. Комиссия мүшелері менің жобамды қолдап, 5 млн теңге грант ұсынды”, – дейді көп балалы ана. 

Сандуғаш Есенбеков, махаббат көрпесі

Айтуынша, ұтқан грант қаражатына тігін тігетін арнайы аппарат сатып алған, оны үш ай күткен. Ал Әуезов ауданының әкімдігі кәсібін іске асыруға жалға орын берген. Осы жерде Сандуғаш Есенбекова бүгінде кәсібін дөңгелетіп, жеті адамды бизнеспен қамтып отыр.

“Үш көп балалы ана осында, екеуі үйден жұмыс істейді. Бәрі көп балалы ана. Әкімшілік көп балалы аналарға базардан тегін орын берген. Алайда тапсырыс алу жағы қиын болып жатыр. Нарыққа шыға алмай жатырмыз. Әлеуметтік желі, таныстар арқылы сатып жатырмыз”, – дейді ол.

  • "Бізге де "Батыр әке" атағы берілсе": Қазақстанда көп балалы, жалғызбасты әкелер қалай өмір сүріп жатыр? 
  • 2021-2022 оқу жылына арналған гранттар: Қазақстанда алғаш рет көп балалы отбасылардан шыққандарға квота бөлінеді

Көп балалы жұмысшы аналар

Айтуынша, бүгінде әкімдік көп балалы ана ретінде базардан орын берген.

“Арыстан базары, Тиграхаудқа, Сарыарқаға барып сатуға болады. Қазір біз Арыстан базарын апарып қойдық. Тапсырысты кейде көтерме бағада сатамыз. Көбіне той жасайын деп жатқандар, жасау үшін алады.  Көрпелердің бағасы көтерме бағамен 3500 теңгеден басталып, 25 мың теңгеге дейін жетеді”, – дейді Сандуғаш Есенбекова.

Кәсіпкер ананың мақсаты өнімін халықаралық деңгейге шығару. 

Сандуғаш Есенбеков, махаббат көрпесі

“Осы кәсібімді ашқан кезде Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге әйгілі етемін деп айтқанмын. Әлем біздің тауарды алады деп мақсат қойдым. Жақында болатын Түркістан қаласындағы форумға қатысу ойда бар. Онда түрлі қолөнер туындылары жиналады, американдықтар бізге келеді. Әлі шағын болсақ та арманымыз аспанмен бірдей”, – дейді көп балалы ана.

Бастау Бизнес ұсынған 505 мың теңге грантты ұтып алған тағы бір ана Зауре Нугманова. Ол “Бақытты отбасы” орталығы арқылы өзі ашқан цехке жалдайтын орын тапқан.

Зауре Нугманова, тігін цехінің иесі, тренер

“Өндіріс орны, цех 2012 жылы негізделді. Алғашқы орнымыз Барахолкада болды. Кейін жалдау ақысы көбейіп кеткен соң, арзанырақ жер іздестірдік. Ол кезде тәжірибелі әйелдерді жұмысқа алып отырдық. Содан кейін адамдарды өз өнеркәсібіңе сай оқыту керектігін түсіндім. Бұл ұзақмерзімді инвестиция. Мен Совет кезіндегі құрастыру жүйесі бойынша білім алдым, өз бетімше көп еңбек еттім. Студенттік кезімнен тігін тігемін: кеш көлектері, той киімдері, кастюмдерді тігетінмін. Маған базалық лекалалар қажет емес, оларды өзім құрастырамын, модельдеймін”, – дейді ол. 

Тігін цехі

Кәсібін дамыту мақсатында Зауре “Бастау Бизне”с бағдарламасын оқып, грант ұтып алады. Ол қаражатқа өз бизнесіне қажетті тігін машиналарын сатып алады. Қазіргі уақытта кәсіпкер әйел күртешеден бастап арнайы қызметкерлер киіміне дейінгі тапсырысты қабылдайды. Сондай-ақ, “Бақытты отбасы” орталығына жүгінген көп балалы әйелдерді тігінге үйретеді. 

"Алтын алқа", "Күміс алқа" наградаларын алған көп балалы аналар қандай жеңілдіктерге ие? 

“Ұзақ уақыт бойы цех ашамын деп жоспарлап жүрген болатынмын. 90 кв метрде цех ашып, тар болса да жұмыс істеп жүрдім. Кейін 2017 жылы Атамекен ұсынған “Бастау Бизнестің” оқуын аяқтап, 550 мың теңге ұтып алдым. Сол кезде Әуезов ауданының әкімдігіне хат жаздым. Қолымдағы Бастау сертификаты бар еді, оның арқасында қажетті қарым-қатынастар пайда болды, жеке тренерім бар еді. Мені осы бағдарламаны оқығандардың ортақ чатына қосты. Міне осы жерден мен жеңілдікпен жалдамалы орын алуға болатынын білдім. Осыдан кейін “Бақытты отбасына” жүгіндім. Әкімдік бізге жалдауға болатын орындарды қарастырды. Қазір көп балалы аналарға тренер ретінде тегін сабақ өтемін оқытып жатырмын, тігін тігудің негізгі қабілеттерін үйретемін”, – дейді ол.

Айтуынша, негізгі тапсырысы жекменшік компаниялардан келеді. Көбіне бренд киімдерді тігуге тапсырыс қабылдайды, арнайы қызметкерлер киімін тігеді.

Зауре Нугманова көп балалы аналарға тігінді үйрету сабағында

“Тігін цехын ашу кезінде алғашқы салым қомақты қаражатты талап етеді, ал жағдай тұрақталған соң шығын аздау болады деуге болады”, – дейді Зауре Нугманова.

Қазіргі уақытта "Бақытты отбасы" қызметкерлері "Іскер ана" жобасына қатысушылардың қызметіне мониторинг жүргізуде. Жыл соңында өз бизнесін табысты жүргізетін барлық аналарды тарта отырып, салтанатты іс-шара өткізу жоспарлануда. Іс-шара шеңберінде жобаға қатысушылар тауарларының көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады, сондай-ақ жаңа кәсіпті игеріп, өз бизнесін бастаған жоба қатысушыларының оқыту шеберлік сыныптары өткізіледі.

Зауре Нугманованың тігін цехі әзірлеген киімдер: балалар күртешесі, қызметкер киімі

Айта кетейік, 2020-2021 жылдары "Бизнес бастау" бағдарламасы бойынша оқудан 1000 адам өтті, оның ішінде 2020 жылы – 299 адам, 2021 жылдың 5 айында – 38 адам грант алды. "Қолдау" бағдарламасы шеңберінде “Бақытты отбасы” арқылы 3 жоба іске асырылды. Соның ішінде көп балалы аналар жалпы сомасы 11 млн теңге көлемінде грант алды. 

 

Источник stan.kz