Ақтауда қиранды астында көз жұмғандардың туыстары: «Небәрі 8 айы қалып еді»

aқtauda қirandy astynda kөz zhұmғandardyң tuystary nebәri 8 ajy қalyp edi d8d2512

Маңғыстау облысындағы ең жоғары қауіпсіздік колониясы жатақханасының бір бөлігі құлап, 3 тұтқын үйінді астында көз жұмды. Жаралылар ауруханада жатыр. Оқиға орнында ішкі істер министрінің арнайы комиссиясы жұмыс істеуде. Марқұмның туыстары олардың денесін әлі көрмегенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақтауда қиранды астында көз жұмғандардың туыстары: "Небәрі 8 айы қалып еді"

"Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды. Біреуі реанимацияға жіберілді. Қазір ол аппаратта, жағдайы ауыр. Үш науқасқа да көмек көрсетілді. Олар емдеуді толық көлемде алады. Негізінен, жарақаттар: бас миының шайқалуы, жабық бассүйек-ми жарақаты, өкпенің соғылуы, аяқ-қолдардың сынуы", – дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі.

Ауруханада зардап шеккендерді ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен ҚАЖ комитетінің басшысы көріп қайтты. Дәрігерлердің қарауынан кейін төрт тұтқын амбулаториялық емдеу үшін колонияға қайтарылды. Оларға туыстарымен видео байланыс арқылы қоңырау шалуға рұқсат етілді.

"Менің ағам қайтыс болды. Денесін әлі көрген жоқпыз. Түрмеде асханада жұмыс істейтін. 11 жыл қызмет етті, бостандыққа шығуына сегіз ай ғана қалып еді. Ол түрмеге сап-сау күйінде түскен. Солай шығуы керек еді. Бұл ғимаратты жөндеуге ақша жиналды! Ол ақша қайда кетті?", – дейді марқұмның туысы Зейнеш.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы барлық ақпаратты олардың туыстары "жедел желіге"қоңырау шалу арқылы ала алады. Ішкі істер министрлігі арнайы комиссиясы төтенше жағдайды тергеуді бастады.

"Жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесі туралы туыстарына хабарлайтын боламыз. Әрқайсысымен жеке сөйлесеміз. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға ІІМ-нің ерекше бақылауында. Қазір мамандар колония аумағындағы барлық ғимараттарды зерттеп жатыр. Ол жақта 700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр. Ғимараттың құлауына не себеп болғанын тергеу анықтауы керек”,- дейді Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Азат Садуов.

Іс "адамдардың өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс"бабы бойынша басталды. Кінәлі адам 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

Айта кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысында арнайы түзету мекемесінің төбесі құлап, екі сотталушы көз жұмғаны хабарланған болатын.

Источник stan.kz

Rating
( No ratings yet )
Like this post? Please share to your friends: