Оңтүстік өңірден асарлатып жиналған 33 вагон шөп Батыс Қазақстанға жеткізілді

Оңтүстік өңірден мал азығынан таршылық тартып отырған батыс өңірге 33 вагон шөп жіберілді. Оның тең жартысы сондағы жергілікті жұрттың қолына тиіп үлгерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31арнаға сілтеме жасап.

Оңтүстік өңірден асарлатып жиналған 33 вагон шөп Батыс Қазақстанға жеткізілді

Қазір темір жолдың тұйықталған тұстарына қойылған контейнерлерден көпшілік шөпті артып әкетуде. Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан алғашқы лекте 10 вагон шөп жөнелтіліп, батыс өңірінің халқына үлестірілді.

Қосымша 17 вагон күні ертең қуаңшылықтан таршылық тартқан тұрғындарға таратылмақ.

Бұдан бөлек, қазір Сарыағашта тағы 5 вагон шөп тиеліп жатыр екен. Ертең де тура осыншама вагон тиеліп, батысқа қарай бет алмақ. Бұлардың бәрі қуаңшылықтан қиындық көріп отырған 6 станцияға тегіс таратылады деп жоспарлануда.

Сарыағаштан төрт түліктің қорегін қамдап жүрген Мұратбек есімді ерікті осындай ақпарат берді.

Айтуынша, темір жол мәселесімен өткендегідей түйткіл жоқ. Шөп тиелген контейнерлер Бейнеу, Жетібай, Шетпе, Қарақия, Мағыстау және Өзен станцияларына жеткізіліп, сол жерден қарашаға үлестіріліп жатыр екен. Арнайы тізім бойынша тіркелген мал санына қарай, десте-десте бумалар шаруалардың техникасына артылған. Батыс өңірінің жұрты қуаңшылықта қол ұшын созған оңтүстік жұртшылығына алғысын жаңбырша жаудырып жатыр.

Источник stan.kz