Аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер тыным бермей жатыр: Ақмола облысында диқандар билікке жанайқайын айтты

Қостанай мен Ақмола облыстарының диқандарына аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер тыным бермей жатыр. Қуаңшылықтан шөп таппаған киіктер мекендейтін орындарын тастап, мыңдаған гектар егіс алқабын тып-типыл еткен. Онсыз да шаш етектен шығынға батқан диқандар енді киелі жануарға қандай шара қолданатындарын білмей дал, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер тыным бермей жатыр: Ақмола облысында диқандар билікке жанайқайын айтты

Шаруалар аштықтан бұратылған ақбөкендердің мәселесін биліктегілер шешсе дейді. Ақмола облысында ақбөкендер алты ауданның 130 мың гектар егін алқабын таптап, диқаншыларға орасан шығын келтірген.

Өкініштісі сол, диқандардың жанайқайы Үкімет пен Министрлікке әлі күнге жетпей отыр. Аймақта 5 миллион гектар жерге егін егілген. Алайда, бір ай жаңбыр тимеген егін бітік шықпапты. Оның үстіне ақбөкендер де жайылып, егістікті таптап өткен.

Диқандардың айтуынша, мұндай жағдай осымен үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Киіктер де аз емес. Бір сәтте 20-30 мыңы келіп, жапырып өте шығады екен.

Азық таппаған ақбөкендерден шаршаған шаруалар егістікті торуылдап, ұжыммен кезекшілік жасап күзетуден басқа амалдары қалмай отыр.

“Атбасарда 50 мың гектарды ақбөкен таптап жаншып өтті. Жарқайың, Қорғалжын, Егіндікөл осы аудандарға бәріне 130 мың гектарды ақбөкендер басып кетті. Осы мәселе бойынша былтыр да ауыл шаруашылығы Минстрлігіне хат жолдағанбыз. Биыл Премьер-Министрге де хат жолдадық. Биыл да бізге ешқандай шешім келген жоқ”, – дейді Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов. 

Источник stan.kz