Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен кездесу өтті

Аягөз гарнизоны танк бригадасында бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бақытжан Сералиев пен әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Утешева әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында бөлім командирінің орынбасары майор Бақытжан Сералиев әскери ұжымдарда тәрбие ісін түбегейлі жақсартуға бағытталған Қазақстан Президентінің талаптары мен Қорғаныс министрлігі директиваларының орындалу барысына тоқталып, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіповтің үндеуін жеткізді. Сондай-ақ, әскери қызметкерлер арасында 2020 жылғы тіркелген заң бұзушылықтың статистикалық көрсеткіштерін айтты.
Аталмыш шара әскери қызметшілерді құқық бұзушылыққа итермелейтін факторлардан сақтау, оның алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Әскерилер арасында әр түрлі құқық бұзушылыққа жол бермеу және оның алдын алу үшін осындай жұмыстардың маңыздылығын айта кеткен жөн.
— Әскери қызметшілердің отбасымен кездесудің ең басты мақсаты – ол біріншіден, отбасы мүшелерімен байланыс орнату, екіншіден, тұрмыстағы проблемаларды анықтау, сондай-ақ, шешім қабылдау болып табылады, — деді әскери қызметшілердің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Гүлмира Утешева.
Шара соңында жиынға қатысушылар бөлім басшылығына түрлі сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Ал, өз кезегінде бөлім командирінің орынбасары барлық сұрақтарға жауап беріп, олардың шешілуін үнемі басты назарда ұстайтынын жеткізді.

                                                                                                                                                       Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі