«Аузынан көбік ағады»: Ақмола облысында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр

Ақмола облысында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр. Бір ғана Ақкөл ауданында 500-ден астам сиыр ауру жұқтырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

"Аузынан көбік ағады": Ақмола облысында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр

Тұрғындар қорадағы малдың нақты қандай індет жұқтырғанын білмей дал. Сиырлардың аузынан көбік ағып, көп ұзамай арам өліп жатыр екен. Ал бүкіл ауыл сенген мал дәрігерлерінің өздері дәрі таппай жүр.

Ірі қараның ауру бегілері де өзгеше. Су ішпейді, шөп жемейді. Демде аузынан ақ көбік ағып, аяғындағы жарадан ақсап қалады. Көп ұзамай орнынан тұра алмай, көтерем болып қалады.

Осындай белгісіз дертке Ақкөлдегі Азат ауылының 400-ден астам ірі қарасы шалдыққан. Аурудан 10 шақтысы өлген. Мұндай кесел жақын маңдағы Новомарковка, Искра, Минское ауылдары мен Степногор іргесіндегі Қарабұлақ елдімекендерінде де тіркелген.

“Тілі салақтап, аузының бәрі уылып, ауданның түгел ветврачтары келіп, түрлі-түрлі уколдар салып, сол енді ауыл үлкен ғой барлығына үлгермей, қолымыздан келгенін барын жасадық. Бір мал өлді, біреуі жазылды”, – дейді Азат ауылының тұрғыны Бауыржан Айсахан. 

Қорадағы санаулы сиырымен жан бағып жүрген тұрғындар енді жандарын шүберекке түйіп отыр. Олар белгісіз мал ауруына мемлекеттен қолдау ауадай қажет дейді.

  • Маңғыстаулықтар өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етуде
  • Блогер Маңғыстауда шаруалардың малдарына қалай картон беретінін көрсетті

“Бір укол 2 жарым мың тұрады. Бізге ешқандай көмек жоқ. Вакциналарды ғана қояды, қан алады. Біз тегін ешқандай дәрі алмаймыз. Бізге бермейді”, – дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Алтынай Рақымжанова. 

“Бізге үкіметтен аздап көмек болса, дәрі берілсе. Біздің қолымызда ештеңе жоқ. Ешқандай дәрі жоқ. Індетке ұшыраған күні қайда барарымызды білмедік”, – мал дәрігері Олжай Фазылов. 

Ойсылқара тұқымын сұлатып жатқан белгісіз ауруды анықтау үшін 10 күн бұрын арнайы сараптама тағайындалған. Алайда, ветеринария басқармасындағылар сараптама нәтижесінің содан бері неліктен кешігіп отырғанын нақты айта алмай отыр.

“Сынамалардың келген жауабында аса қауіпті аурудың тіркелмегені белгілі болды. Лабороториядан сынамалар болмағандықтан біз клинический метод дейді, малдың ауруы қалай көрініп тұр, соған қарсы емдік шаралар жүргізіп, малдар емделіп кетіп жатыр”, – дейді Ақмола облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жүнісов. 

Аса қауіпті аурулар тізімінен табылмаса да, ветеринарлар ірі қараның нақты қандай кеселге шалдыққанын дөп басып айта алмады. Белгісіз ауру әсіресе бір-біріне жақын орналасқан елдімекендерде көптеп тіркелген. Қазір әрбір ауылда ауру жұқтырған мал саны 100-ден асады. 

Источник stan.kz