Күй тартылып, әсем әндер айтылды

Күй тартылып, әсем әндер айтылды

Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінің сарбаздары домбыра күнін атап өтті. Ұлттық руханиятты дәріптейтін мерекеде тек домбырамен күй тартылып, әсем әндер шырқалды.

Аталмыш шараның мақсаты баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады.
Шара барысында Отан қорғаушы сарбаздар қасиетті қара домбырамен қазақтың халық әндері мен күйлерін өз нақышына келтіріп ойнап берді. Осындай тағылымы мол мерекелік іс-шара жас сарбаздардың рухын көтеріп, жоғары көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту аясында шілде айының бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күні деп белгіленген болатын.
Иә, қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбырамызды өскелең ұрпаққа дәріптеуге бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берер пайдасы мол екені айтпаса да белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше болмақ.
— Бүгінгі мереке тек домбыра тартып, ән айтатындардың мейрамы емес. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, барша қазақ елінің мерекесі деп ойлаймын. Осындай айтулы мейрамның әскери бөлімде аталғанына қуаныштымын, — деді тамылжыта ән салып, күмбірлете күй ойнаған өнерлі өрен қатардағы жауынгер Абылайхан Жеңісбекұлы.
Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық. Ендеше, ел егемендігі жолындағы халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын тағылымы мол мәдени мерекелер көп болсын дейміз.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі