Әскерилер журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Әскерилер журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Аягөз гарнизонының әскерилері Ақпарат және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі күніне орай облыстық «Мөлдір сана» газеті редакциясының ұжымына құрмет көрсетіп, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының алғыс хатын табыс етті.

Мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, жан-жақты даму жетістіктерін насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары.
Осы орайда Аягөз гарнизонының атқарып жатқан жұмыстарын кеңінен насихаттап, ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан басылым «Мөлдір сана» газетін айта кеткен жөн. Аталмыш газет облысымызда өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Сондай-ақ, облыстық газет беттерінде айбынды армиямыздың ел алдындағы мәртебесін биіктету, қорғаныс саласының әлеуметін арттыру сынды тақырыптағы мақалалар тұрақты түрде жарық көріп келеді.
Осылайша, мереке күнінде Аягөз гарнизонындағы әскердің тыныс-тіршілік үрдісі мен жауынгерлеріміздің жетістіктеріне үнемі ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген «Мөлдір сана» газеті ұжымына әскерилер алғыс білдіре отырып, әрдайым әскеріміздің айбыны мен рухын көтеру, батыр бабаларымыздың ісін насихаттаудағы ерен еңбектеріңе жеміс тіледі.
Өз кезегінде облыстық газеттің бас редакторы Бақытөмір Тұрсынғалиұлы ортақ абырой үшін бірлесе еңбек етуге тілшілер қауымы әркез дайын екенін айтты.
Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де, құрметті! Мерейлі мереке құтты болсын, ұшқыр қалам иелері!

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі