Әскери психологтардың оқу-әдістемелік жиыны өтті

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз және Үшарал гарнизондарының әскери психологтары бас қосқан жиын өтті. Мамандардың өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыруға бағытталған іс-шара Аягөз гарнизонының танк бригадасында ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери бөлім психологтарының күнделікті қызметі мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ төтенше жағдайлар туындаған кезде шұғыл психологиялық көмекті ұйымдастыру болып табылады.


Жиын барысында әскери бөлімдердің әлеуметтік-психологиялық жұмысын ұйымдастыру, жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу, келеңсіз оқиғаларды болдырмау және одан шығу жолдары айтылды.
Сонымен қатар, мамандар білімдерін ортаға салып, біліктіліктерін арттыру мақсатында өзара тренингтер мен сабақтар өткізіп, тәжірибе алмасты.


Айта кетейік, бүгінгі таңда әскери психологтардың әскердегі жұмысының негізгі бағыттарының бірі жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын, беріктігін сақтау, нығайту және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейін арттыру болып табылады.
Осындай іс-шаралар әскери психологтардың ұйымдастыру-әдістемелік және тәжірибелік дайындығын жетілдіру мен қалыптастыру үшін жыл сайын өтеді. Мұндай бас қосулар мамандардың біліктіліктерін арттырып, тәжірибелерін толықтыра түсуге септігін тигізеді, — деді жиынға басшылық жасаған танк әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Бақытжан Сералиев.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі