«Талғат Мұсабаев жұдырығымен ұрды». Астаналық қыз қазақ ғарышкері шабуыл жасады деп айыптады

Талғат Мұсабаев

Саябақта хаски тұқымдас итімен серуендеп жүрген елордалық тұрғын Алина Нұртас кеше күтпеген жағдайға тап болған. Оған ҚР Халық қаһарманы, ғарышкер Талғат Мұсабаев қол көтерген. Бұл туралы елордалық тұрғын Instagram желісіндегі парақшасында жазып, бұл бассыздықты тоқтатуға шақырды. Бұл туралы kznews.kz жазды.

«Саябақ. Қысқа қарғыбаумен байланған итіммен бірге серуендеп жүргенмін. Иттің тұмылдырығын да ала шықтым (заң бойынша хаски итіне тұмылдырық кигізіп жүру шарт емес). Қажетті қалталар да бар (иттен қалған қоқысты салатын). Осылай серуендеп келе жатсам, белгісіз бір адамның маған айқайлағанын естідім. Әрі қарай жүре бердім, бірақ ол белгісіз адам жақындап келіп, тағы айқайлады. «Иди в зад» дедім (әрине, «Алина, өзің айыптысың!» дерсіз. Бірақ мен айыпты емеспін. Негізсіз агрессия көрсетілген сәтте менен шыққан реакция осы болды). Әрі қарай жүре бердім. Ол адам бұрылып, менің иығымнан бір ұрды (жұдырығымен). Қолым ұйып барады. Полиция шақырдым. Әрине, бір нәрсені дәлелдеу мүмкін емес (оны маған түсінікті етті). Себебі, ол – Талғат Мұсабаев», – деп жазды Алина Нұртас.

Алина Instagram желісіндегі парақшасында stories арқылы оқиғаның мән-жайын сипаттап берген. Оның айтуынша, полиция бастапқыда жәбірленушінің позициясын оң деп тапқан. Алайда, әрі қарай шағым түспес үшін мәселе жабылған. Шағымданушы оған Талғат Мұсабаевтың ықпалы әсер етті деп есептейді.