Ағайынды артиллеристер

Ағайынды артиллеристер

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз «Шығыс» өңірлік қолбасшылығындағы Аягөз гарнизонының артиллериялық бригадасында дивизион сержанттары лауазымында қызмет атқаратын Өкеновтар отбасының Ербол және Ержан есімді егіз ұлдары. Белгілі бір қызметте отбасының бірнеше мүшесі жұмыс істейтіні таңсық емес, алайда егіздердің бір салада қызмет атқаратыны өте сирек.

Ағайынды Аягөз қаласында 1987 жылы 26 мамырда дүниге келген. Бір балабақшада тәрбиеленіп, бір мектепте білім алып, тіпті бір әскери бөлімде азаматтық борыштарын өткерген егіздер бүгінгі күні бір салада қызмет атқарып жүр. Себебі, жігіттер бала кезден әскери болуды және бір салада еңбек етуді армандаған. «Қымыздың жақсысы сабасынан, ер жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, қос жауынгердің қызығы мен шыжығы мол әске¬ри саланы таңдауына нағашы ағасы Орал себеп болыпты.
– Бала күнімізде нағашы ағамыздың әскери қызметкер болғанына қызығатын едік. Сыр-сымбатымызға сай, әскери киім киіп қызмет етуді армандап өстік. 2007 жылы әскери борышымызды өтеген соң, Аягөз гарнизоны артиллериялық бригадада бөлімше командирлері болдық. Қазір дивизион сержанттарымыз. Өмірдің әр баспалдағын бірге адымдап келеміз. Отанды қорғауға да бірге келдік, әскери қызметте де біргеміз. Дегенмен екеуміздің жаратылысымыз екі түрлі,- дейді ағайынды Өкеновтар.

Ағайынды артиллеристер
Әңгіме барысында Ерболдың көпшіл, кез келген адаммен тіл табыса алатынын, пысықтығын байқадық. Ал, Ержан байсалды, салмақты жігіт екен. Сондай-ақ, Ержанның Ерболды ағам дегені қызық естілді. Неге десеңіздер, Ербол Ержаннан 15 минут дүниеге ерте келіпті, сол себепті оны өзінен үлкен санайтын көрінеді. Егіздердің үлкені Ербол 2012 жылы шаңырақ көтеріп, екі бала тәрбиелеп отырса, егіздің сыңары Ержан 2018 жылы отбасын құрып, қазір шекесі торсықтай ұлдың ардақты әкесі.
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 15 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан ағайынды артиллеристердің әскери қызметтегі жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ, 2017 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыруымен өткен білім мен біліктілікті арттыратын үздік сержанттар сайысында Ербол «Үздік батальон сержанты» атанып бірінші орынды иеленсе, Ержан өзінің нағыз қара күштің иесі екенін дәлелдеп, 2016 жылы қол күрес сайысынан чемпион атанды. Сонымен қатар, Ержан тек білектің күші емес, білім мен қырағылықты қатар алып жүретін мықтылар қатарынан екенін көрсетіп, «Үздік есептеуші» атанып, жеңіс тұғырына көтерілген. Сабырлы мінездерімен өз ортасына абыройлы, еліне адал қызмет етіп келе жатқан дивизион сержанттары ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Егіздер әскери қызметті таңдағандарына ешқашан өкінген емес. Керісінше, нағыз елім деген ер азаматтар әскерде тәрбиеленіп, мықты азамат болып шығатынына сенімді. Олай болса, еліміздің әрбір азаматы Ербол мен Ержан сияқты Отан алдындағы борышын өтеудің маңызын түсініп, жауапкершілігін сезіне білсе, ұлтым деген ұлдардың рухы қашанда биік болмақ.

 

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі