Спортты серік еткен Сәбитовтар отбасы

Спортты серік еткен Сәбитовтар отбасы

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігі бәрімізге белгілі. Біздің ата – бабаларымыз «Спорт – денсаулық кепілі» – деп бекер айтпаған. Иә, бұл мақал Сәбитовтар отбасының күнделікті қолданысында. Неге десеңіздер, әр таңын кофе ішумен емес, таңғы жаттығудан бастайтын жас отбасы көпке үлгі болып қана қоймай, еліміздің мерейін асқақтатып, көптеген жетістіктерге де жетіп үлгерген. Ендеше, білім мен біліктілікті, спорт пен денсаулықты серік еткен отбасы жайында толығырақ толғасақ.

Әскери қызметте жүріп, спортты жандарына серік еткен жанұялардың бірі Аягөз гарнизоны артиллериялық әскери бөлімнің аға лейтенанты Ақылбек Сәбитов пен жары Айнаш Сәбитова. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қызметте адал дос, сенімді қарулас болса, үйінде аяулы жар, өнегелі әке. Өмірлік серігі Айнаш екеуі Қазақстан Республикасының президенттік көпсайыс чемпионатында танысып, бүгінде бір әскери бөлімде қызмет атқарып, тіршіліктің ыстық-суығын бірге көріп келеді. Шаңырақтары тек үлгі-өнеге мен мызғымас бірліктен құралған жас отбасы – Айжан есімді тәтті қызды тәрбиелеп отыр.


Жас офицер Ақылбек Солтүстік Қазақстан облысы, Шалақын ауданы Мерген ауылында 1994 жылдың 26 желтоқсанында дүниеге келген. Бала күнінен темірдей тәртіпке бағынып әскери болуды армандаған Ақылбек мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында 2012-2016 жылдары білім алып, офицер атанады.
Ақылбек әскери институтта оқып жүрген кездің өзінде өзінің мықтылығын дәлелдеп, 2014 жылы Эквадор мемлекетінің Кито қаласында өткен курсанттар арасындағы әлем чемпионатына қатысып жүлделі орыннан көрінген. 2015 жылы Мәскеу қаласында өткен президенттік көпсайыс бойынша жүлдегер атанса, 2017 Қырғызстан мемлекетінде өткен офицерлер арасындағы сайыстың жүлдесін иеленді. 2018 жылы Ресей мемлекетінде турникке тартылудан чемпион атанып, жеңіс тұғырына шыққан. Жас офицер өзінің ҚР Қарулы Күштеріндегі қызметін 2016 жылы бастаған. Ол жас та болса, еңбекқорлығының арқасында 2019 жылдан бастап Аягөз гарнизоны артиллериялық әскери бөлімінде дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы болып тағайындалды. Сонымен қатар, Ақылбек Қабайұлы Қысқы президенттік көпсайыс бойынша ШҚО құрама сапында өнер көрсететін спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, әлемдік додалардың жүлдегері.


Өмірлік жары Айнаш Рашидқызы да спорттан құр алақан емес. 1997 жылы 4 шілде күні ШҚО облысы Күршім ауылында дүниеге келген Айнаш Артиллериялық әскери бөлімде ағымдағы жылдың 4 ақпанынан бастап радиотелефонист қызметін атқаруда. Айнаш Рашидқызы Қысқы президенттік көпсайыс бойынша спорт шебері, ҚР чемпионы және жоғарыда айтылған спорт түрінен ШҚО құрама сапында өнер көрсетеді.
Аға лейтенант шенін таққан Ақылбек өз жұмысын бар ынтасымен жақсы көреді. Спорттық нормативтерге келгенде талапшыл. Бұл оның мансапқұмарлығынан емес, керісінше сарбаздарға ағалық жанашырлығынан туындаған қасиет. Өйткені, әскерде шыныққан жас өрен, қандай қиындықтарға болсын шыдайтынына сенеді және «жаттығуда барынша тер төксең, соғыста қиналмайсың» деген қағиданы ұстанады.
– Шынымен де жауынгерлік қызмет атқаратын әскерилердің дене дайындығы қашанда басты назарда. Біздің басты мақсат, қатардағы сарбаздан бастап офицерге дейін спортқа деген қызығушылығын арттыру. Өйткені, спорт әскери адамның жеке басына қойылған қатаң талап қана болып қоймай, оның сүйікті ісіне айналуы тиіс,- деп есептейді артиллериялық әскери бөлімнің дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы аға лейтенант Ақылбек Сәбитов.
Міне, сергектікті сүйетін Сәбитовтардың өмірлік ұстанымдары отбасы жарастығын сақтай отырып, Отан үшін аянбай еңбек ету, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау. Олай болса, отбасы құндылығын бірінші орынға қоюмен қатар қызметтерінде де жоғары жетістіктерге жеткен, тек биік шыңдарды бағындыруды армандайтын Ақылбек пен Айнаш өз елінің адал да абыройлы қызметкері болатынына сенімдіміз.

Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

Бүгінгі жаңалықтар