Ермахан Ыбрайымов: «Саясатта жақсы нәтиже көрсетуім керек»

Ермахан Ыбрайымов

Спортшының айтуынша, ол өзін сатқын деп айыптағандардың көбейгенін айтады. Осыған байланысты беделі түсіп кеткенін мойындайды. Ал елдегі кедейлік мәселесіне халықтың жалқаулығы себеп деген ойда.

Бұл туралы олимпиада чемпионы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты. Олимпиада чемпионы ел ішінде өзіне өшпенділікпен қарайтындардың көбейгенін мойындайды. Халықтың сенімін қалпына келтіру үшін жұмыс істеуге дайын.

«Маған сенбестік білдіргендер көп. Мені халыққа қарсы шықты деп айыптады. Маған бұл нәрсе әсер етпейді. Мен олимпиада чемпионы деген атақты ешкім тартып ала алмайды. Мен өз жұмысымды істеп жүре беремін. Халықтың сенімін қайта қалпына келтіру үшін нәтижелі жұмыстар атқаруым керек. Саясатта жақсы нәтиже көрсетуім керек. Бұның бәрі уақытша деп ойлаймын. 18 млн адам болса, соның бәрі әртүрлі ойлайды. Оның бәрінің аузын жабу мүмкін емес», – деді Ыбырайымов.

Спортшының айтуынша, Қазақстанда бәріне жағдай жасалған. Халық 42500 теңгеге мұқтаж емес. Кедейлердің жағдайына олардың жұмыссыздығы мен еріншектігі себеп.

«Кімнің үйіне барсаң да жағдайы жақсы. Бәрінің тамағы тоқ. Дастарханы жаюлы. Ешкім 42500 теңгеге мұқтаж емес. Ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлерге ақша бөлінеді. Мемлекеттен көмек беріледі. Еңбек етем дегеннің бәрінде жағдай бар. Тек диванда жатып алып, жұмыс істегісі келмейтіндер кедей. Жалқаулардың ғана жағдайы жоқ. Еңбек етем десе, бәрінде мүмкіндік бар», – деді ол.

Олимпиада чемпионы алаңда ашуға салынып, өзін ұстай алмай қалғанын мойындады.

«Мені сатқын деп атады. Мен ашуға салындым. Мен ешкімнің құйыршығы емеспін. Плакатта іріткі салушылардың жазған сөзін оқыдым. Сол себепті жыртып тастадым. Мені жақсы танитындар мен туралы жақсы ойда. Мен ешқашан халыққы қарсы шыққан адам емеспін», – деп сөзін аяқтады.

Бұған дейін бокстан 2000 жылғы Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбыраимовтың Алматыдағы белсенділер өткізген митингіге барғанын және сол жерде жанжалды жағдай туындағанын мойындағаны хабарланған.

Түпнұсқасы: stan.kz